Жарияланды: 50

ШҚО-да төрт күн бойы иен далада адасқан 5 жасар бала аман-есен табылды

ШҚО-да төрт күн бойы иен далада адасқан 5 жасар бала аман-есен табылды Сурет - 1zoom.ru

Іздеу жұмыстары төрт күнге жалғасты, ауылдан бес шақырым жерде баланың велосипеді табылған

29 тамыз күні кешке қарай Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Сарыөлең ауылында жоғалып кеткен бес жасар жасар бала төртінші күн дегенде аман-есен табылды.

Нағашы атасы мен әжесінің қолында болған кішкентай ұл бала жоғалды дегенді естіген АІІБ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №9 суда құтқару бөлімшесі бірден жаппай іздеу жұмыстарына кіріскен, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мамырбек Қалелов, орынбасары Қайрат Әзімбаевтың басшылығымен іздестіру шаралары бірнеше бағытта жүрді, деп жазды altaynews.kz.

Округ орталығына іргелес үш ауылдың барлық тұрғыны іздестіру жұмыстарына бір кісідей жұмылды. Еріктілер қатарында 28 адам мотоциклмен, 10 адам атпен шығып, іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді.

Бала нағашы атасы шөп шабатын шабындық жаққа кетті деген болжам жасалды.

"Негізгі іздеу жұмыстары бала жоғалған күні түнде ауылдың батыс жағына қарай бес шақырым жерден велосипеді табылған бағытта жүргізілді. Сондай-ақ, бала ауыл маңайындағы каналдарға түсіп кетті ме деген қауіппен су арналарын құтқарушылар жіті сүзгіден өткізді",-дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Бауыржан Оразғалиев.

Іздеу кезінде бүлдіршіннің туысы Серікбек Қожырақаев пен Тұрысбай Мұхадір есімді азамат бірнеше күн далада адасып, қарны әбден ашып, тоңып қалған баланы тауып алды.

"Кішкентай жиенімді қол-аяғы бүтін, тірідей тауып алғанымда ағыл-тегіл жылап, тізерлей кетіппін. Бірнеше күн бойы ауа райы да бұзылып, жаңбырлатып, салқындап кеткен еді. Үміт пен күдік қатар жүріп, іздеуді жалғастыра берген едік. Қолдау көрсетіп, іздеу жұмыстарына атсалысқан жерлестерімнің барлығына алғыс айтамын. Зайсан ауданы Қаратал ауылына қоныс аударған ауылдасымыз Ахмет бақсының да көрсеткен көмегіне мың да бір алғыс", — дейді тебіренісін жасыра алмаған Қаршығаның нағашысы Серікбек.

2 қыркүйек күні күндізгі сағат 11 шамасында табылған бала бірден жергілікті дәрігерлердің қарамағына беріледі. Түстен кейін аудандық орталық ауруханаға анасымен бірге жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында болған Қаршыға екі күннен соң үйіне шығарылды.

"Ауруханаға түскен кезде баланың бойынан суық тию, жарақат сияқты ешқандай белгі анықталмады. Мамандар тек тамақ ішуін қадағалап, денсаулығына бақылау жасады. Жағдайы қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылды", — деді аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ләйлім Шоқаева.

Жиендерімен қайта қауышқан нағашы атасы мен апасы бала табылған күні ауылдағы тойханада мол дастарқан жайып, төрт күн бойы аяқтарынан тік тұрып, бүлдіршіннің тезірек табылуына атсалысқан барша азаматқа алғыстарын айтып, той жасады.



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін