Үкімге сәйкес, қылмыстық топты ұйымдастырушы деп танылған 54 жастағы Александр Ефимовке қатаң режімді колонияда14 жыл жазасын өтеу туралы үкім шығарылды.
Оның сыбайласы 25 жастағы Сергей Демченко да аса қауіпті қылмыскер ретінде қатаң режімді колонияға 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір айыпкер 26 жастағы Арлан Аманбаев қатаң режімді колонияда 13 жыл жаза мерзімін өтейді.
Айыпкерлерге заңсыз оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар дайындады, кісі өлтірмек болды және бопсалады деген айып тағылды.
Бұрын хабарланғандай, екі жыл ішінде Чапаевка кентінде төрт рет жарылыс болған. 2012 жылдың тамыз айында жекеменшік үй тұрғыны қақпа маңында қолдан жасалған жарылғыш затты басып кетіп аяғын жаралаған. 2013 жылдың мамыр айында үй маңында жарылған белгісіз құрылғы салдарынан Шымкент тұрғыны мен оның немересі зардап шеккен. Сол жылы шілде айында жарылыс үй қақпасы мен аулада тұрған көлікті талқандаған.