Жарияланды: 50

Шымкент – Ташкент, Ташкент – Шымкент бағыты: Жолаушылар кеденнен кедергісіз өтеді

Шымкент – Ташкент, Ташкент – Шымкент бағыты: Жолаушылар кеденнен кедергісіз өтеді

Шымкент — Ташкент, Ташкент — Шымкент бағытындағы автобустарға жолаушылар көбейді. Күніне 3 сапар жасалатын бағытқа қазір 6 рейс қатынайды.

Тасымалдаушылар әу баста билеттен түсетін қаражаттың сапар шығынын ақтамағанын жасырмайды. Қазір жолақы арзандағалы жолаушылар да көбейген. Осыған дейін Шымкент-Ташкент, Ташкент-Шымкент бағытына қатынайтын әрбір жолаушы 3500 төлеп келген болса, қазір 1500 теңге төлейді.

Ташкентті бетке алғандардың көбісі қазір туристер мен демалушылар дейді тасымалдаушылар. Осыған дейін таксимен қатынаған жолаушылар әсіресе кеденнің кезегінен мезі болғандарын айтады.

Мурат Ахунов, жолаушы: «Бұрын таксимен қатынайтынбыз. Кеденде кезек күтіп, тұрып қалатынбыз. Қазір жақсы болып қалды. Кедергісіз өтеміз. Таксиге де осынша ақша жұмсауға тура келетін», - дейді.

1 500 теңгеден сатылып жатқан жол жүру билеттерін күні бұрын сатып алатындар да көбейген. Ташкентке тура баратын автобустардың бастапқы құнын халық қалтасы көтермеді дейді кассирлер.

Валентина Николевна, аға кассир: «3 сапар жүретін қазір 6 сапар шығады. Мерекелік күндері жолаушылар тіпті көп болады. Билетті 10 күн бұрын алып қоятындар бар».

«3500 теңге халыққа ауыр тиді содан кейін, бағаны төмендетуге тура келді. Қазір жолаушылар үйреніп қалды бағытқа. Тасымалдаушы компанияларға бағаны тұрақты ұстау қажеттігін ескерттік», - дейді автовокзал директорының орынбасары Салауат Күмісов.

Өткен жылдың 26-шы желтоқсанында рұқсат берілген бағыт үстіміздегі жылдың 5-ші қаңтарынан бастап қолға алынды. Өзбекстан мен Қазақстан тарапы алыс-берісті, барыс-келісті нығайта түскен бұл оқиғаны ерекше салтанатпен атап өтті.

Шымкенттен шыққан автобус Ташкентке 4 сағатта жетеді. Бұрындары жол азабын тартып жүйкелеп жететін жұрт енді жайлы автобустармен кедергісіз қатынайтын болды.

Жолаушылардың қол жүктері кедендік тексеру мен шекаралық бақылаудан кезексіз өткізіледі дейді жүргізушілер. Тасымалдаушылар жол ақысы әзірге қымбаттамайды деп сендірді. Алдағы уақытта екі елдің басқа да ірі қалалары арасында тұрақты автобус қатынасы іске қосылады деп күтілеуде. Бұл жоба жыл соңына дейін жүзеге аспақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть