Бір жарым жылға созылған сот отырысына бүгін нүкте қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сотта қылмыстық топ ұйымдастырды деп айыпталған Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полициясы емтихан-тіркеу басқармасының бұрынғы бастығы Артық Жаппаров 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы алты полицей 10 жылдан жаза арқалады. Өзге айыпталушыларға 8 жыл, 6 жылдан жаза тағайындалды. Тағы 23 адамға әртүрлі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленіп, олар сот залынан босатылды. Оның бесеуі — бұрынғы полицейлер. Сотталушылардың шенін алып қойды, сондай-ақ олар мемлекеттік қызмет пен ішкі істер органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Босатылғандардың барлығынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша тағылған айып дәлелденбегені үшін сотталғандар бұл бап бойынша ақталды. Ал ҚР ҚК 369-бабының мерзімі өткен үшін қысқартылды.