Жарияланды: 470

Шымкентте ҰҚКД-нің подполковнигі мен осы мекеменің штаттан тыс қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің подполковнигі мен оның штаттан тыс көмекшісі пара алып жатқан жерінен қолға түсті. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның тергеу басқармасының аға тергеушісі Асқар Ишанқұлов журналистерге хабарлады.

11-шілде күні таңертеңгі сағат 7-де Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің есірткі саудасымен күрес бөлімінің подполковнигі мен оның штаттан тыс көмекшісі Шымкенттен шыға беріс тас жолда Өзбекстанның екі азаматшасы отырған автокөлікті тоқтатады. Олар 5 мың АҚШ долларына Түркияда сатып алынған алтын бұйымдарды Саманқанд қаласына апара жатқан екен. Саудагер әйелдердің қолында заңды толтырылған кедендік декларацияның болғанына қарамастан ҰҚКД-нің қызметкері әйелдерді тұтқындаған. Әйелдерді штаттан тыс қызметкердің үйіне әкеліп 7 сағат бойы заңсыз қамауда ұстаған әлгілер тартып алынған алтын бұйымдарды кері қайтару төлеміне 5 мың доллар талап етеді. Осыншама соманы жинап әкелеміз деп уәде бергеннен кейін әйелдер босатылады. Бұдан кейін отандарына барған әйелдер небәрі 855 доллар мен 5500 теңге тапқан. Сөйтіп Шымкентке оралған әйелдер полицияның 3-бөліміне өтініш білдіреді. Полиция қызметкерлері оларға таңбаланған купюралар мен диктофон беріп жібереді. 15-шілдеде 16 сағаттан 35 минут кеткенде екі сұғанақ қала орталығында пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Олардың үстінен пара алғандығы және адамдардың бас бостандығын заңсыз шектегені үшін екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істер әскери-тергеу бөліміне тапсырылды. 19-шілдеде Шымкент әскери гарнизонының әскери прокуроры полиция қызметкерлерін 10 тәулікке қамауға алу туралы санкция берді. Қазір полиция қызметкерлері мен әскери -тергеу бөлімі қызметкерлерінен құралған біріккен тексеру тобы құрылған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ҰҚКД подполковнигі тергеушілер сұрағына жауап беруден бас тартса, оның сыбайласы керісінше, олармен белсенді тіл табыса бастаған көрінеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть