Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Уәли мен мәдениет басқармасының басшысы К.Айдарбекова, жазушы М.Байғұт пен жобаның жауапты редакторы Ж.Сәленұлы және БАҚ өкілдері қатысты. «Электронды қазақ үй» — иісі қазақтың игілігіне жарайтын таңдаулы заманауи тәрбие құралы. Киелі үйдің кішірейтілген нұсқасына бесік жыры, ертегілер, балалар әндері, халық және халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың 45 қара сөзін қамтыған 1200 мазмұн енгізілген екен. Ол — бабаларымыздың бізге жеткен бай рухани мұраларын бүгінгі және келешек ұрпаққа жалғайтын дәстүрлі үлгідегі заманауи электронды құрал.
Электронды қазақ үй 4 негізгі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім — ертегілерде 150 ертегіні қазаққа танымал актер Айдос Бектемір мен алты алашқа аты мәлім әйгілі диктор Сауық Жақан оқыған. Бала санасына адами қасиеттерді сіңіріп, қазақтың бай фольклорлық мұраларымен сусындатып, тілдік қоры мен әдеби жасампаздық қуатын арттырады.
Екінші бөлім — балалар әні. Кең көлемде жинақталған балаларға арналған 167 ән енгізілген. Орындаушылардың дені талантты жасөспірім және танымал әншілер. Ал үшінші бөлімде күйлерде дәулескер күйшілеріміздің туындылары қамтылған. 15 домбыра, 34 оркестрмен орындалған күй, 20 қобыз, 20 сыбызғы, 12 жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, адырна, шертер, 8 сазсырнаймен орындалған шығарма енгізілген. Төртінші бөлім — дәстүрлі ән, терме-толғаулар, бесік жырлары және Абай атамыздың 45 қара сөзі. 114 халық әні, 202 халық әнші-композиторларының әндері, 62 терме-толғау, 26 отаншылдық рухтағы ән, 7 бесік жыры, хакім Абайдың 45 қара сөзі бар.
Сондай-ақ радио тыңдап, өзіңіздің құрылғыларыңыздағы (USB флеш картасы және телефон картасы) әндерді қосып, тыңдай аласыз. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін өнім патенттелген, авторлық құқығы қорғалған. ҚР Мәдениет министрлігінің сараптауынан өткен «Электронды қазақ үйінің» сапасы жоғары, мазмұны сан алуан, ұлттық нақышпен безендірілген. Жобаның жүзеге асырылуына үш жыл уақыт жұмсалған. Оның сәтті шығуына Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, танымал әнші-композиторлар, ақындар мен қаламгерлер қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін берген, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.