Соғыс жылдарындағы әндерді шырқап лента көтерген 200 адамның алдындағы қос лимузинде ардагерлер отыр. Шерушілер еркін қозғалуы үшін көшелердегі көлік қозғалысы да тоқтатылған. Жалпы, акцияны жергілікті белсенді жастар бастап, оларды әскерилер қолдады. Ал лентаны алып жүру негізінен қарапайым қала тұрғындарына бұйырды. Салмағы 50 келілік бұйымды жасауға бірнеше күн кетіпті. Жеңіс лентасы орталық көшелермен 3 шақырымнан астам жерді басып өтіп, Даңқ мемориалына жеткізілді. Мұнда 70 метрлік лентаны 10 минут бойы жинаған белсенділер оны жергілікті мұражайға тапсыратын болып шешті.