Шыңжаңдық қазақ қысқы Олимпиада ойындарына Қытай елінің атынан қатысып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шыңжаңдық қазақ қысқы Олимпиада ойындарына Қытай елінің атынан қатысып жатыр

Шыңжаңдық қазақ қысқы Олимпиада ойындарына Қытай елінің атынан қатысып жатыр

 

  • 15 Ақпан 2018
  • 318
Фото - Caravan.kz

Шыңжаңдық қазақ бауырымыз Аршынғазы Шәкен Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарына Қытай елінің атынан қатысып жатыр. Ол Азаттыққа спорттағы жолы мен мақсаттарын айтып берді.

Қандасымыз қазір 1500 метрге жүгіру бойынша Қытайдың ішкі рейтингінде бірінші орында тұрған көрінді.

Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиада ойындарына Қытай құрамасы қатарында қатысып жатқан 22 жастағы этникалық қазақ Аршынғазы Шәкен Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағының орталығы Үрімжі қаласында дүниеге келген. 2010 жылдан бері конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі алғаш рет Олимпиадаға қатысып отыр.

Ақпанның 13-і күні Аршынғазы конькимен жүгіруден 1500 метр қашықтықты 1:50.16 минутта сырғанап, жарысты 35-орынмен аяқтады. Ол Олимпиада чемпионы атанған голландиялық спортшы Кьелд Нейстен алты секундқа қалып қойды.

Аршынғазы Пхенчхан Олимпиадасында ақпанның 24-і күні масс-старт жарысына қатысады. Спортшы алдағы төрт жыл бойы 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындалатынын айтады.

— Қазір небәрі 22 жастамын. Көру, үйрену екен. Мұзда сасқалақтау болады екен. Әлем үздіктерімен деңгейім әлі сай келмейтінін түсіндім. Көп машықтану керек. 2022 жылы Отанымда өтетін Олимпиада менің межем болады. Биылғы Олимпиада — арманның басталуы. Арманға жету үшін, биікке шығу үшін әлі көп машықтанамын, — деді ол Азаттық тілшісіне.


Қандасымыздың айтуынша Қытай ұлттық құрамасында қазақ конькишілер көп. Қазір бас құраманың өзіне одан бөлек Дәстүр Тұрсынхан және Алмас Қақанбай деген қазақтар бар екен.

Аршынғазы Шәкен Қазақстанда туысқандары, достары бар екенін, бірақ тарихи Отанында әлі болып көрмегенін айтады. Спортшы келер жылы Қазақстанда конькимен жүгіруден өтетін жарыстардың біріне баруды жоспарлайды. Ал Пхенчхан Олимпиадасынан кейін ол наурыз айында АҚШ-та өтетін халықаралық жарысқа, одан кейін Қытай ішіндегі турнирге қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар