"Сол күнгі видеоның бәрін Қайрат полицияға берді": Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты ел білмейтін шындықтың бетін ашты - kaz.caravan.kz
  • $ 487.42
  • 531.39
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Сол күнгі видеоның бәрін Қайрат полицияға берді": Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты ел білмейтін шындықтың бетін ашты

"Сол күнгі видеоның бәрін Қайрат полицияға берді": Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты ел білмейтін шындықтың бетін ашты

Мақпал Жүнісова 8 наурызға арналған мерекелік концерттерінің бірінде Заманбек Нұрқаділовтың бақилық болған күнін еске алып,  өзіне кінә таққан Қайрат Нұрқаділовке жауап берді. 

  • 11 Наурыз
  • 559
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

"Бүгін ішімде жатқан нәрсені кішкене болсын шығарып тастайын. Ақыры ашылмады, күтіп те жатырмыз. Біресе анау өлтірді дейді, біресе мынау өлтірді дейді. Әйтеуір, ең соңына келіп Мақпал өлтірді деп айтпаса болды. Оны да күтуге болады, оны да естіп жатырмын, құрметті ағайын. Сол тұлғаның балалары сондай әңгіме таратып жатқан көрінеді. Мақпал өлтіруі мүмкін деген. Алла бар ғой төбеде, қолымыз қан болса, бұлай жүрмес едік. Зәкең де Мақпал мені келіп үш рет ата сал деп айтатындай азамат емес қой. Сол күні ол қайда болғанын неге айтпайды деп айтады екен. Құрметті Қайрат Нұрқұаділов, ол кісі қайтыс болған күні мен үйде болдым. Сізге халықтың алдында жауап берейін. Бәрі біледі, шопыр да біледі. Мен үйден шыққан жоқпын, үйде болдым. Бірақ, ол кісіні екінші үйде атып кеткен. Шамамен 7:15-те атыпты, ал мен ол кісімен 6.40-та сөйлестім. Зәке неге есікті ашпайсың, неге телефонды алмайсың деп айқаладым, сол кезде балконнан мына үйге жолама деп айқайлады. Неге деп едім, ана үйге тез қайт деді. Неге олай айтқанын кейін түсіндік қой, ана жақта қырылыс болып жатқан екен ғой. Соны біраз адамдар басқаша интервью беріп, бақсаша айтып жүр. Одан да ашатын болсаңдар дұрыс әңгіме айтып, дұрыс ашыңдар. Бұрыс әңгімені таратудың қажеті жоқ деп ойлаймын", — дейді әнші.

Қазақстанның халық әртісі ел алдында марқұмның ұл-қыздарынан әкелерінің әруағына тыныштық беруді сұрады. 

"Сол күнгі түсірілген нәрсенің бәрін Қайраттың өзі полицияға алып кетіңіздер деп менің рұқсатымсыз бұйрық берді. 16 камераның 14 камерасында кім кірді, кім шықты, бәрі көрініп тұр. оның шет жағасын мен де көрдім. Полиция мені кінәлаған кезде соны өздері көрсетті. Сол кезде мен адвокатыммен екеуміз камерадан көрініп тұр ғой, соларды таппайсыңдар ма дедік. Бірақ, соны көрсеткен жігіттің өзі шошып кетіп, бізге кейін камераның жазбасын бермей қойды. Содан бері 17 жыл өтті. Неге менімен бірге балалары, қызы, ажырасқан әйелі ол өзін-өзі атпады деп айқайламады. Өзін-өзі атты дегенге қол қойып берген мен емес, солар. Сондықтан жүйкемді тоздырмасын. Мен ешкімнен қорқып тұрған жоқпын. Зәкеңнің әруағына тыныштық берсін. Артық айтсам кешірерсіздер, бірақ шындығын айту керек", — дейді Мақпал Жүнісова.

Tik Tok әлеуметтік желісінде бір тәулік ішінде 650 мың қаралым жинаған видеоға желі қолданушылары түрлі пікір қалдыруда

"Концертте осындай әңгіменің не керегі бар", "Мақпал апай, дұрыс ішіңіздегін айтыңыз", "Әбден ығырын шығарған ғой, оңай емес", "Қиын жағдай", "Өсек шаршатып жіберген ғой", "Жарайсыз, дұрыс айттыңыз", "Жеңілдеп қалған шығар, сонша жыл ауыр сөз есту қиын ғой", — деп жазды олар.

 

 

.