Жарияланды: 480

Солтүстік Атлантикалық Альянс 2004-жылы әріптес-елдермен ынтымақтастық мақсатына 24 млн. доллар бөлді

Солтүстік Атлантикалық Альянс (НАТО) 2004-жылы әріптес-елдермен бірлесе ғылыми жобаларды жүзеге асыруға 24 млн. доллар бөлді. Бұл туралы үшінші Еуразиялық МедиаФорумы аясында өткізілген НАТО-ның Қазақстанға арнаған ғылыми бағдарламаларының тұсаукесерінде жария етілді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Ғылыми бағдарламаларды Солтүстік Атлантикалық Альянс бас хатшысының орынбасары Фан Форне мен ұйымның ғылыми бағдарламаларының үйлестірушісі Крис де Виспелаере таныстырды. Бас хатшы орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда блок Орталық Азия аймағы мен Кавказ елдеріне көңіл бөліп отыр. Осы аймақтағы әріптес-елдерге, соның ішінде Қазақстанға да айрықша назар аударылуда. Әріптестер тіпті альянстың проблемаларын талқылауға да атсалыса алады, деді ол. Ұйымның ғылыми бағдарламаларының үйлестірушісі Крис де Виспелаеренің айтуынша, қазір блок әріптес-елдермен "Ғылым көмегімен қауіпсіздікті нығайту" және "Қоршаған орта және қоғамдық бағдарламалар" атты екі бағдарлама аясында жұмыс істеуде. Бағдарламалардың мақсаты - тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту. Ынтымақтастық аясына НАТО-ға мүше елдер мен әріптес-мемлекеттер қамтылып отыр. Аталмыш бағдарламалар шеңберінде 10 мыңнан 150 мың евро аралығындағы 7 түрлі грант бөлінеді. Бағдарлама үйлестірушілерінің айтуынша, бұл ретте жас әрі болашағынан үміт күттіретін ғалым-зерттеушілерге басымдық беріледі. Солтүстік Атлантикалық Альянс өкілдерінің айтуынша, Қазақстан қазір табысты жұмыс істеп отырғанымен, белсенділігі төмен. Қазіргі жағдаймен Семей және Курчатов қаласы маңындағы радиологиялық ахуал туралы жоба аяқталып, Семей өңірі Майск ауылындағы радиациялық мониторинг туралы жоба бекітілді. Сондай-ақ, Қазақстан альянс тарапынан қаржыландыруды сұраған Арал өңіріндегі ахуал туралы жобаны ұйым сарапшылары алдағы айда қарайды. Журналистер сұрағына жауап берген ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов еліміздің тек НАТО немесе басқа да қаржылық құрылымдармен шектелмей, ғылым саласында жұмыс істейтін барлық әріптестермен ынтымақтастық орнатып, жалпы дүниежүзілік масштабтағы және жеке өз мүддемізге қатысты ғылыми мақсаттарды шешуге грант тартамыз деп атап көрсетті. Ғылыми зерттеу институттары мен Ұлттық университеттер қазір альянс бағдарламалары бойынша жұмыс істеп жатыр, деді ол. "Қазіргі мақсат - ғылыми жұмыстарды мейлінше күшейту",- деді М.Жұрынов. ҚР ҰҒА президентінің айтуынша, "басты зерттеу бағыттары - ауа бассейні мен су қоймаларын тазарту, Арал проблемасын шешу және Семей өңіріндегі ғылыми жұмыстар болмақ".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін