Жарияланды: 490

Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясы ауылды жаңғырту бағдарламасы аясында ауылдағы қылмыспен күресті күшейтті

Қаржы полициясының Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері ауылдық жерлерде кәсіпкерлік құрылымдардың меншігіне қол сұғу бағытындағы 56 қылмыстың бетін ашты. Бұл туралы Қаржы полициясының Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл қылмыстар бойынша шығын көлемі 10,5 млн. теңгені құрап отыр. Тергеу барысында қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері 1,9 млн. теңгені өндіріп алды. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қылмыстардың басым бөлігі жерді заңсыз бөлісуге, астық және басқа да кәсіпкерлік меншік түрлерін тонауға байланысты болып отыр. Атап айтсақ, қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері шаруашылықтың таңбасы бар қағаздарды ұрлау арқылы 4 млн. 705 мың теңгенің астығын сатып жіберген бір шаруа қожалығының бұрынғы қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Аталмыш дерек бойынша Қызылжар аудандық соты айыпкерді 6 жыл 3 айға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Жыл басынан бері қаржы полициясының Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті 238 қылмыстың бетін ашты, олардың тең жартысынан астамы (128) ауылдық жерлерде жасалған. Баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, департамент ауылды ілгері бастыруға қолбайлау болып отырған экономикалық қылмыстардың алдын алуға және оларды әшкерелеуге бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ ниетте. Осы мақсатпен қаржы полициясы департаментінде сенім телефондары жұмыс істей бастады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть