Жарияланды: 370

Солтүстік Қазақстан облысында Қазпошта филиалына жасалған тонаушылық оқиғасы әшкереленді

Солтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары Бескөл ауылындағы "Қазпошта" ААҚ-ның салалық бөлімшесінде 25-ақпанда болған тонаушылық оқиғасын әшкереледі. Бұл туралы журналистерге арналған қысқаша баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облыстық ІІБ-ның бастығы Ерлан Тұрғынбаев хабарлады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, тонаушылық шыққан күні филиал ғимаратында үш қызметкер мен күзетші болған. Тонаушыларға есікті күзетші ашса керек. Бастарына протовогаз киген екі адам күзетші мен бір қызметкер әйелді соққыға жығып, бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы мен жәрдемақыға арналған 5 млн.200мың теңгені алып кеткен. Көп кешікпей күдіктілердің бірі қамауға алынды. Тәртіп сақшылары қарақшылық шабуылды жүзеге асыруға филиал қызметкерлерінің бірі қолұшын берген деген алдын-ала жорамал жасаған болатын. Соңынан бұл күдік расталды. Қылмыскерлермен ауыз жаласып, оларға есік ашып берген күзетші болып шықты. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, шабуыл кезінде ең шамалы зардап шеккен шынында да осы күзетші болатын. Ал басқа қызметкерлерге дәрігерлік көмек көрсетуге тура келген. Н.Тұрғынбаевтың айтуынша, инкассаторлық көліктің келетін уақыты, ақшаның сақталу жағдайы, қылмыс жасалған таңертеңгі сағат 7 шамасында қорғаныс дабылы әдетте қосылмайтындығы туралы ақпараттардың барлығын шабуылшыларға күзетші айтып берген. Ал қарақшылық шабуылға қатысқан екінші адам 28-наурызда қорғаушысын ертіп полицияға сауға сұрай келді. Күдікті өз үйінің жанындағы омбы қардың астына тығып қойған ақша көп кешікпей ғайып болды деп мәлімдеген. Ал тәртіп сақшылары қылмыскерлердің тоналған ақшаны туыстарына сақтатып қойғанын анықтады. Қазіргі жағдаймен 4 млн. теңге тәркіленді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Е.Тұрғынбаевтың хабарлауынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тәртіп сақшылары сәуір айының аяғында сотқа тапсыруды жоспарлап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін