Сонда кім өтірік айтты? Балғынбек Имаш енді вакцина егуге қарсы болған жоқпын деді - kaz.caravan.kz
  • $ 487.37
  • 532.94
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
13 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сонда кім өтірік айтты? Балғынбек Имаш енді вакцина егуге қарсы болған жоқпын деді

Сонда кім өтірік айтты? Балғынбек Имаш енді вакцина егуге қарсы болған жоқпын деді

Қазір жұрт нақты нәтижеге сүйенген ғалымды, қала берді дәрігерді емес, әншіні, ақынды, әзілкешті тыңдайтын болған. Солар айтса, имандай сенеді. Жақында «Ақын Балғынбек Имаш ұтыс жариялап, вакцина алмағандарға 500 баспана сыйлайды екен» деген ақпаратты көз шалды. «Мұнысы несі?» дегендер де шықты.

  • 12 Тамыз 2021
  • 949
Фото - Caravan.kz

Nege.kz тілшісі айтыскер ақынның өзіне хабарласып, мұның шын-өтірігін сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz порталы.

Қазір індет қайта өршіп жатыр. Халықтың басым бөлігі екпе алуға асығар емес. Оған вакцинаға қарсылық танытушылардың да ықпалы бар. Сіз де екпеге қарсысыз ба?

– Кім айтты? Өтірік айтпашы. Өзім вакцина салдырдым. Мен вакцинаға қарсы емеспін. Тек мәжбүрлеуге қарсымын. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей.

– Қай екпені салдырдыңыз?

«Спутник V» екпесін алдым. Сондықтан менің сөзімді бұрмаламаңдар! Екпеге қарсы болған емеспін.

– Ендеше неге антиваксерлерді қолдап жүрсіз?

– Олар да вакцинаға қарсы шығып жатқан жоқ. Мәжбүрлеуге қарсы. «Зорламаңдар, балаларға, екіқабат әйелдерге тиіспеңдер!» деп жатыр. Мұнда не жамандық бар? Басында Үкіметтің өзі «Әркімнің өз құқы. Мәжбүрлемейміз» деді де, артынан басқаша әрекет жасауға көшті. Сөзі мен әрекеті қабысып жатқан жоқ. Көптеген мекемелерде қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсетіп, «екпе алмасаң, жұмыстан шығарамыз!» деп мәжбүрлеп жатқан көрінеді. Өздерің де естіп жүрген шығарсыңдар. Енді келіп антиваксер етіп шығарайын деп жүрсіңдер ғой.

– «Індеттен құтылудың бір-ақ жолы бар, ол – вакцина» делінді. Ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша, бұдан құтылмайтынымызды бүкіл әлем мойындап отырғанын білесіз ғой…

– Вакцинадан басқа жоқ па? Неге жоқ? Иммунитетті қалпына келтіретін неше түрлі жол бар. Саумал, қымыз, түйенің және ешкінің сүті… Ағзаға күш беретін – осылар.

– Дұрыс қой, бірақ індет күн сайын адамдарды жалмап жатқан жоқ па?

– Былтыр індет өршіген кезде вакцина болған жоқ қой. Әркім өзі емделіп, аман қалды. Саумал, қымыз ішті. Сенің миыңа құйып қойған ғой. Қазір вакцина алғандардың өзі ауырып жатыр. Бірге оқыған курстасым вакцина алып, үш күннің ішінде комаға түсті.

– Мәжбүрлеуге бәрі қарсы. Бірақ дәл қазіргі әрі-сәрі уақытта халық кез келген адамның сөзіне ергіш болып алды. Осындай кезде қарсылық танытудың керегі бар ма?

– Сөзді бұрмаламаңдар?! Жалпы, журналистерді сотқа беру керек. Тағы айтамын, вакцинаны салдыруды мәжбүрлеуге 100 пайыз қарсымын. Оның үстіне бұл вакцина емес. Әлі сынақ мерзімі жүріп жатыр.

– Таяуда ғана «Ұтыс жариялап, вакцина алмағандарға 500 баспана сыйлаймын» деген сөзіңіз ше?


Оны да журналистер бұрмалап жіберген. Менің Инстаграмдағы парақшама кірсең, көресің. «Екпе алмағандарға, алса да желіге жарнамалап салмағандарға» деген сөз бар. Ал журналистер, түрлі пабликтер «Балғынбек екпе алмағандарға үй алып берейін деп жатыр» деп шығарып алды. «Екпе алмағандарға…» деген сөз жоқ мәтінде. Бұл да жала! Қазір шетінен сөзді бұрмалаудың шебері болып алған.

– Білуімше, сіз әлеуметтік желіде белсенді дәрігер Айна Бакеваны қолдап жүрсіз. Ол кісі де вакцинаға қарсы сияқты.

– Бұл кісіні танисың ба? Былтыр жұрттың бәрі қырылып жатқанда қаншама адамға көмектесті. Жылап жүріп, емдеу протоколын өзгертті. Министрдің өзі тыңдап, құлақ асты. Енді биыл вакцина туралы жағымсыз пікір айтып еді, әртүрлі жала жауып жатыр. Айдалада біреу дәрігер көрсеткен жаттығуды жасап, қайтыс болып кетті дегенді шығарды. Оның дәрігері қайда қараған? Бақылауда болмай ма? Жаттығу жасап жатқан кезде дереу тоқтатпай ма? Ол кісі жеке берген кеңеспен емес, WhatsApp желісінде жүрген жаттығуды жасаған. Жалпы, осындай айыптау бола ма? Дәрігер Айна Бакеева да вакцинаға емес, мәжбүрлеуге қарсы.

– Халық талай індетті бастан кешірді. Одан вакцина ғана қорғайды деген тұжырымды мойындайсыз ба?

– Негізінде вакцина 10-20 жыл тексеріледі. Қоян, тышқандарға сынақ жасап, «одан туған екінші, үшінші ұрпақ қалай болады?» деген түйткілдер сараптамадан өткен соң ғана екпе шығарылып, бекітіледі. Жалпы, вакцинаның тарихы 100 жылдан асып кетті. Тарихта вакцинаны бір жылда сынақ пен тәжірибеден өткізу деген болмаған. «Вакцинаның арқасында аман қалды» деген жай сөз. Оған ешқандай дәлел жоқ.

– Екпе вирусқа қарсы қорған болмай ма? Сонда сіз екпені не үшін алдыңыз?

– Жоқ-жоқ, қорғамайды. Вакцина тек имммунитет қалыптастырады. Бұл қорғайды деген сөз емес, тек вируспен ауырған адам жеңіл өтіп кетуі мүмкін. Тіпті, індетті қайта жұқтыруың да ләзім. Бұл жерде кепілдік жоқ. Өзім әрі-бері Дубай, Түркияға көп ұшамын. Шетелге жиі шығатын болған соң, екпе алдым.

– Онда сіз тікелей эфиріңізде екпе алғаныңызды да айта жүргеніңіз абзал шығар… Әйтпесе, жұрт «Балғынбек қарсы, біз де екпе салмаймыз» деп жүр.

– Айтып жүрмін. Екпенің миллион түрін аламын, бірақ «балаларыма салдырмаймын» дедім. Ешкімге ештеңе айтпаймын. Әркім өзі біледі.