Роджер Федерер Цинцинатидегі турнирда топ жарды. Швейцариялық шебер финалда испандық Давид Феррермен жолыққан болатын.
Бұл теннисшілер өзара 15 рет кездескен. Соның барлығында Роджер Федерер басымдық танытты. Бұл жолы да 33 жастағы швейцариялық қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Үш сетке жалғасқан бәсекеде 6:3, 1:6 және 6:2 есебімен Роджер Федерер жеңіске жетті. Бұл оның «Мастерс» сериясындағы 80 ші жүлдесі. Ал әйелдер арасында Америкалық Серена Уильямсқа тең келер ешкім болмады. Ақтық бәсекеде сербиялық Ана Ивановичпен кездескен ол екі сетте лайықты жеңіске жетті. Мұндағы есеп 6:4, 6:1.
Футболдан Францияның бірінші лигасында екінші турдың нәтижелері белгілі болды. Өз алаңында «Монаконы» қабылдаған «Бордо» ірі есеппен жеңіске жетті.
Бұл матчтағы алғашқы голды қонақтар салып кетті. Кездесудің 44- минутында қақпа алдындағы қарбаласты епті пайдаланған Димитар Бербатов жақын жерден есеп ашты. Таблодағы осы есеп үзіліске дейін өзгере қойған жоқ. Дегенмен тізгінді мықтап қолға алған алаң иелері екінші таймда қонақтардың қақпасына ала допты төрт рет тоғытты. Диего Ролан қос голмен ерекшеленсе, Эмилиано Сала мен Вахби Хазри бүгінгі ірі жеңіске өз үлестерін қосты. Әзірге еншісіне алты ұпай жазған «Бордо», осы күні «Реймсті» ұтқан «Сент -Этьенмен» бірге турнир кестесінде көш бастап тұр. Еншісіне әлі бір ұпай түспеген «Монако» турнир кестесінің соңын алып келеді.