«Солтүстік Қазақстанның туризм әлеуеті соңғы жылдары пайдаланылған жоқ. Сіздерде туризм орталығы болудың барлық мүмкіндігі жеткілікті, Астананың жанындасыздар, сондықтан да мұны пайдалану қажет. Мұндай нысандарды ашу сіздерге туристер тартуға мүмкіндік береді», — деді Марат Иғалиев рәсімде.
Пантамен емдеу мекемесі Имантау көлінің жағасында орналасқан, күніне 45-ке дейін адам қабылдай алады.
«6 жыл бұрын біз СҚО-ның Айыртау ауданына келдік, өйткені мұндағы табиғат өте тамаша, суы тұнық Имантау көлі бар. Туризмді танытуға мүмкіндік мол. Біз туристердің демалуы үшін 20 шағын үй салдық, тағы осынша үй тұрғызбақпыз. Бүгінде инвестициялар 300 млн. теңгеден асты. Негізінен туристер Ресейден келеді. Пантамен емдеу орнында марал мүйізінің қаны пайдаланылады. Қазіргі кезде Баянауыл және Қарқаралы демалыс аймағында бізге қажетті жануарлар бар. Біз осында сол жануарларды жеткізу жөнінде уағдаластық. Биылғы жылғы қарашада 10-20 бас марал болады», — деді «Астана транс строй» ЖШС бас директоры Дмитрий Паморцев.
Бұл күні Айыртау ауданындағы Имантау көлінің жағасында орналасқан «Акбар» турбазасында 30 орындық жаңа әйнекті корпус ашылды. Бұл демалыс орны 2003 жылы қалпына келтірілген болатын. Ол күніне 150-ге дейін туристер қабылдайды. Демалыс орны арзан, тәуліктік тұру, тамақтануды қосқанда 2500 теңгеге жуық.
«Қиын кездер болды, біз демалыс орнына жаңадан су, жарық тарттық. 2008 жылы жолды қалпына келтірдік. Бүгінде мемлекет ауданымыздағы туристік саланы дамытуға көңіл бөліп отырғаны қуанышты. Айыртау ауданында 18 табиғи қорғалатын ескерткіштер бар, соның бірі — Имантау көлі», — деді «Жол техникасы ҒӨБ» ЖШС бас директоры Қазыбек Хасейінов.
2014 жылы облыс әкімі Ерік Сұлтанов «2014-2015 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының туристік индустриясын дамыту жоспарын» бекіткенін атап өткен жөн.