Сурет салу, мүсін жасау балаларға ғана емес, үлкен адамдарға да пайдалы – Айдын Мырзабек - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сурет салу, мүсін жасау балаларға ғана емес, үлкен адамдарға да пайдалы – Айдын Мырзабек

Сурет салу, мүсін жасау балаларға ғана емес, үлкен адамдарға да пайдалы – Айдын Мырзабек

Кескіндеме немесе кескіндеу өнері — бейнелеу өнерінің бір саласы, белгілі бір заттың бетіне бояу арқылы салынатын көркем шығармалар атауы. Қазір елімізде аталған өнер түріне балалардың қызығушылығы барған сайын артып келеді.

  • 18 Қараша 2020
  • 438
Фото - Caravan.kz

Дегенмен жас бүлдіршіндер бейнелеу өнерінің бұл саласын қалай меңгеріп жатыр, мүсін жасауға деген қызығушылығы қандай, оқушылармен пандемия кезінде жұмыс қалай жүргізілді?

Caravan.kz медиа порталының осы және өзге де сауалдарына Алматы қаласы Оқушылар сарайындағы кескіндеме және мүсіндеу үйірмесінің ұстазы Айдын Мырзабек жауап берді.

— Біздің үйірмеге әр түрлі жастағы оқушылар келіп қатысады. Ол 6 жастан бастап 18 жас аралығындағы мектеп оқушылары. Бұл үйірмеде былайша айтқанда, баланың шығармашылық қабілетін арттыруға тырысамыз. Негізі, бала әр түрлі болады ғой. Сондықтан үйірмеміздегі әр оқушымен жеке-жеке тәсілмен жұмыс істейміз. Әрбір баланың өзіндік сурет салу әдісі, техникасы болады немесе қызығушылығы болады. Мысалы, кейбір балаларға пейзаж, натюрморт салған ұнайды. Ал енді бірі басқа нәрсе салғанды қалайды. Сондықтан алдымен баланың өзіне ұнайтын жағынан бастаймыз. Сосын барып жайлап басқа жанрларды салуға көшеміз. Ал мүсін жасау жағын алатын болсақ, кішкентай балаларға пластилиннен әр түрлі геометриялық формаларды жасауды үйретеміз.Тек содан кейін барып жайлап жануарлардың мүсінін жасаймыз. Ал ересек балаларда мүсін жасау сабағы сәл басқаша, яғни күрделірек десе болады. Мысалы, олар түрлі мүсіндерді жасау үшін алдымен сым темірден заттың қаңқасын жасап алады. Содан кейін оны қаптау арқылы үлкенірек мүсіндер жасаймыз. Ол жануарлар болуы мүмкін, адамның мүсіні болуы мүмкін. Болмаса әйгілі ғимараттардың мүсінін жасауды үйретеміз. Мысалы, эйфель мұнарасы сияқты немесе тағы басқа ғимараттар.

— Қысқасы, жасына қарай және үйренген уақытына қарай күрделендіре бересізер ғой?

— Иә, барған сайын, әр сабақ сайын және жасына қарай күрделендіре береміз.Қиынырақ тапсырмалар береміз.

— Жалпы, 6 жастан бастап қабылдаймыз дедіңіз, осы жастағы балалардың алғаш кезден-ақ қабілеті байқала ма?

— Балалар енді қабылданған кезде кейбірінің қарым-қабілеті бірден байқалады. Яғни, бұл балаларды бойында туа бітті дарыны бар бүлдіршіндер деуге болады. Ал кейбір балаларда ол бірден ашыла қоймайды. Дегенмен бірте-бірте сабақ барысында көріне бастайды. Кейбір оқушылар ойыңды бірден түсінеді. Не айтқың келіп тұрғаныңды бір-ақ ауыз сөзден ұғып, қағып алады. Ал енді бір оқушылармен жеке жұмыс істеу керек болады. Әрине, бойында дарыны бар, өнерге жақын балалармен жұмыс істеу қызығырақ. Өйткені, бұл балалар ерекше қабілетін көрсетеді. Және ол оқушыларға ұзақ түсіндіріп әуре болмайсың. Ал кейбір балаларға ұзағырақ түсіндіріп, жасап көрсету қажет болады. Ерекше қабілетті балалардан кейде мұғалімдердің өздері үйреніп отырады.

— Жалпы өзіңізге екі өнердің қайсысы қызығырақ, сурет пе әлде мүсін жасау ма?

— Негізі көп оқушылар кескіндеме, сурет өнерін ұнатады. Себебі, менің ойынша біздің елімізде осы сала көбірек дамыған. Екіншіден, балалар өздері кішкентай кезден сурет салып үйренгендіктен осы жағына қызығады. Менің өзіме де көбінесе сурет салған ұнайды.

— Қазір үйірмелеріңізге қанша бала қатысып жүр?

— Осы әлемді жайлаған індет басталмай тұрып әр үйірмеде 10-15 баладан қатысатын. Қазір енді шектеулер болғандықтан 5 оқушыдан артық отыруға болмайды. Ал жалпы қатысқысы келетіндер көп. Көктемде қатты шектеулер болған кезде үйірме жұмысы тоқтаған. Ол кезде жұмыс онлайн түрде жүргізілді. Ал қыркүйектен бастап баларға барып оқуға мүмкіндік берілді.

— Айтыңызшы сурет салу және мүсіндеу үйірмелеріне қатысып жүрген балалардың қандай қырлары, қабілеттері ашылады немесе сабағына қаншалықты оң әсер етеді?

— Мысалы, үйірмеге қатысатын бала ортаға тез бейімделіп, өзін еркін ұстайтын болады. Екіншіден, шығармашылық жұмыстарымен көбірек айналысқан сайын ол оқушының өмірге деген, жалпы қоршаған ортаға, жан жағына қызығушылығы арта бастайды. Және ол балалар үйірмеге келіп, қасындағы басқа балалардың жұмыстарын көреді. Яғни, олар бір-бірінен де үйрене бастайды. Бір-бірмен бәсекеге де түсіп жатады. Өте пайдалы тұстары көп. Шығармашылық жұмыстарында, сурет пен өнерде ғана емес басқа салаларда болсын оң әсері болады. Сондай-ақ «Арт-терапия» деп айтамыз, әр адамға тек қана жас бала емес үлкен кісілерге де сурет салу, мүсін жасау өте пайдалы, адамды сабырлы болуға жетелейді. Сондай-ақ, медициналық жағынан да пайдалы. Сосын шыдамсыз балаларды сыбарлылыққа үйретеді. Миының дамуына, денсаулығының жақсы қалыптасуына пайдасы зор, сезімталдығын арттырады. Көбінесе балалар мектепке барған кезде сабақ оқиды, мимен жұмыс істейді. Суретте де ойланады, мимен жұмыс істейді. Бірақ мұнда қолмен де жұмыс істегендіктен екі жақ қатар дамиды.

— Еліміздегі түрлі байқауларға қатысып жүрсіздер ме?

— Иә, бізде қалалық, аудандық, республикалық байқаулар жиі болып тұрады. Балаларды әр түрлі көрмелерге алып барып отырамыз. Қастеев атындағы музей сияқты көптеген мұражайларға бардық. Сонымен қатар өзімізде де галереялар бар. Сол жерлерде де байқаулар болып тұрады, оқушылар өздері көрмелер жасайды. Балалар өздерінің жеке туындыларын ұсынады. Бір жағынан көрме өткізеді, екіншіден конкурс сияқты ұйымдастырады.

— Жүлделі орын алған шәкірттеріңіз бар шығар?

— Иә, әрине, оқушыларымыз қалалық, республикалық байқауларда орын алып жатыр. Шәкірттеріміздің жүлделі болып жатқаны бізді де ынталандырадыі. Әрине, ең біріншіден оқушыларға үлкен стимул. Мұндай байқаулар балалардың қызығушылығын одан бетер арттыра түседі.

— Жалпы үйірмеге келген балаларды қабылдау тәсілі қандай, байқау арқылы ма, әлде келген баланың барлығын қабылдайсыздар ма?

— Егер үйірмемізде орын болса барлығын қабылдауға тырысамыз. Бізде тегін оқитын және ақылы бөлім бар. Тегін оқитын бөлімде арнайы топ болады, ол жаққа балаларды отбасындағы әлеуметтік жағдайына қарай қабылдаймыз.Ал енді орын болмаса өкішіке орай күте тұрыңыздар деп айтамыз. Бірақ босаған сәтте қабылдауға тырысамыз. Жалпы өз басым баланың қабілеті жоқ болса да оны қайтармауға тырысамын. Қайта керісінше, бойындағы қабілетін ашуға талпынам, бар күшімді саламын. Ал енді тіпті болмай бара жатса бірнеше айдан кейін ата-анасына жайлап түсіндіруге тырысамын. Ал жалпы негізі ешкімді бетін қақпай оқыта береміз, әрине егер өздері қалап тұрса. Өйткені кейбір балалардың қабілеті 1-2 жылдан кейін барып ашылуы мүмкін. Себебі өсіп келе жатқан баланың дамуы әр түрлі. Оны ескеруіміз керек.

— Ал өзіңіз бұл өнерге қалай келдіңіз, қандай оқу орын тәмамдадыңыз?

— Мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын бітіргенмін. Үш жыл мектебін, колледжін және академиясын оқып бітірдім. Орта есеппен 13 жылдай оқыдым. Сондай-ақ Мәскеуде акварель техникасы бойынша бір жылдай білімімді толықтырдым.

-Рахмет.

Соңғы жаңалықтар