Жарияланды: 470

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтамағаны үшін 28 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін Астана қаласында 28 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Ағымдағы жылы Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына байланысты бірқатар мемлекеттік мекемелерге тексеру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Астана қаласының денсаулық сақтау, халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, Су ресурстарын пайдалану және қорғауды реттеу бойынша Есіл бассейндік инспекциясы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөндірістік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы, салық органдары, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік мекемелерінде тексерулер жүргізген болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 6 айында прокурорлық қадағалау актілері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарға байланысты 28 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды. «Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарға байланысты 21 тұлға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылса, 7 тұлға азаматтардың өтініштерін тиісті түрде қарамағаны және лицензия мен басқа да рұқсат құжаттарын беру тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын атап өту қажет. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шешім қабылдау кезінде заңды тұлғаға заңмен көзделмеген артықшылық көрсетумен негізделген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза белгіленген. Мысалы, «Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының онкологиялық диспансер» МҚКК-дегі тексеру нәтижесі бойынша осы мекеменің сатып алу бөлімінің бастығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңа талаптарының негізінде, сыбайлас жемқорлық әрекет жасағаны үшін қызметінен босатылды. Жалпы, комиссия мүшелері тарапынан мемлекеттік сатып алу бойынша шешім қабылдау кезінде заңды тұлғаға заңда көзделмеген артықшылық көрсетілуіне байланысты, онкологиялық диспансердің бас дәрігері мен басқа да 5 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген прокуратура баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін