Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Тергеу мен соттың анықтауынша, өткен жылдың 3 қарашасы күні кешке Василий азаматтық жұбайы және оның туған нағашы ағасымен бірге саяжай үйінде спирттік ішімдік ішкен. Кеш барысында Василий сүйіктісінің біреумен ұялы телефон арқылы белсенді түрде хат алмасып жатқанын байқайды. Ол қызғаныштан жанжал шығармақ болады, бірақ нағашы ағасы оны тоқтатып, жерге құлатып, қолын қайырып ұстап тұрады. Василий тынышталамын деп уәде берген соң ғана ағасы оны босатады. Алайда Василий үстелден пышақ алып, алдымен сүйіктісін жаралап, кейін нағашы ағасына шабуыл жасайды. Қыз бен оның ағасы үйден қашпақ болады. Қыз сыртқа шығып үлгереді, ал нағашы ағасы арқа тұсынан үш пышақ жарақатын алып, үйде қалып қояды. Қыз бұл жағдайды көрген жоқ. Ол аулаға жүгіріп шығып, бақ ішінде жасырынған. Біраз уақыттан кейін үйден шыққан Василий сүйіктісіне: «Сенің нағашыңды өлтіріп қойған сияқтымын», – деп хабарлайды. Осыдан кейін ол белгісіз бағытқа қашып кетеді.
Қыз үйге кіріп, ағасының өлі денесін табады. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен Василий аса қауіпті рецидивті ескере отырып, қылмыстардың жиынтығы бойынша 11 жылға ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесіне сотталды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.