Бұл — Маралсай шатқалындағы Талғар өзенінің бастауы. Таудан келетін ағын су ауданға қарасты, орталықты қосқанда жалпы саны оншақты елді-мекенге осы жерден су жібереді. Бірақ екі аптадан бері мұнда жағдай өзгерген. Тосыннан келген сел өзеннің суын былғап отыр. Салдарынан 200 мыңға жуық тұрғын ішерге су таппауда.
Қазір өзеннің суы біршама тазаланып, лайдың беті қайта бастаған. Бірақ бұл су ішуге толық жарамды деген сөз емес. Сондықтан әлі де көлікпен су жеткізу қызметі тоқтаған жоқ.
Бексұлтан Оспанов, Талғар аудандық тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшысы:
— Енді қазіргі уақытта Талғар қаласы мен Талғар ауданының аймақтарында 25 көлік су тасып жүр. Сол көліктегі судың да құрамы тексерілуде. Түсінің бұзылуы жағынан аздап ы көрсеткіші жоғары болып тұр. Бірақ санитарлық-бактериалдық ісі бойынша барлығы талапқа сәйкес.
Десе де аймаққа судың түгел жетпеуіне тағы бір себеп бар көрінеді. Яғни техникалық. Дәлірек айтқанда, сел кезінде қатты екпінге шыдас бермей Талғар өзенінің басы мен аяғындағы екі құбыр аймағы бірдей жарылып кеткен. Бұл — шамамен 9 шақырымға жуық ұзындықты құрайды.
Еркебұлан Ұсманбаев, Талғар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
— Қазір мердігер мекемелер жұмысына кірісті. Облыстық бюджеттің су құбырларын уақытылы іске қосу үшін 200 миллионнан астам теңге бөлінді. Сомыне қосымша, суармалы су каналдарын тазалау үшін 160 миллион қаражат бөлінді.
Оның үстіне сүзгіден өткен су Талғардың шетіне жеткізуге әлі де аздық етуде. Сондықтан Қызылқайрат, Талдыбұлақ, Белбұлақ, Бірлік бастаған елді мекендердің біразға дейін шөлдің азабын тарта тұрмақ. Ал Талғар орталығына су кешеден бері беріле бастапты.
Дәулет Батталғазиев, Талғар қаласының әкімі:
— Талғар қаласына су берілді. 90 пайызына берілді, 10 пайызы қалып отыр. 10 пайызына су таситын көлікпен су тасымалдап жатырмыз.
Атқамінерлердің болжамына қарағанда, екі аптадан бері Талғарды тарықтырған су мәселесі келер аптаның ортасында шешілмек екен. Яки, су тазалау жүйесі еселеніп сызат берген қос құбыр айлағы жөнделіп бітуі тисі. 17 шілдеде Маралсай шатқалында сел жүріп, Талғар өзені арнасынан мейлінше асқан еді. Абырой болғанда бөгеттің биіктігі апаттың ауқымын күшейтпеген. Ресми мәлімет бойынша, апат салдарынан бір лагерь бүлініп, 4 жеңіл көлік жарамсыз күйге түскен. Шатқалда қалып қойған 400-ге жуық адам құтқарылды. Тағы екі қорықшының үйі құлаған. Әзірге, апатқа күннің ыстығына шыдас бермеген тау басындағы қардың еруі себеп делінуде.