Жарияланды: 370

Таразда педофил 12 жастағы оқушы қызды мектеп дәретханасында зорлап кетті

Таразда педофил 12 жастағы оқушы қызды мектеп дәретханасында зорлап кетті

Педофил тапа-тал түсте 12 жастағы қызды зорлады. Күдікті арам пиғылын әжетханада іске асырған. Ал қылмысты тексерген тәртіп сақшылары буыны қатпаған мектеп оқушыларын тергеп, оларды сұрақтың астына алыпты.

Бұған ашуланған ата-аналар бүгін білім ордасында айқай шығарып, жұмысына салғырт қараған мұғалім мен директордың жазалануын талап етті.

Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Осылай деген жамбылдық бір топ ата-ана тәртіп сақшылары өз қызметін дұрыс атқармағандығына наразылық білдірді. Олардың сөзінше, сұмдық жағдай болған күні полиция қызметкерлері сабақ үстінде сыныпқа кіріп келіп, бір топ оқушыны сұрақтың астына алған.

"Сіздер балаларыңызды мектепке берген уақыттан бастап, білім ордасы перзентіңізге жауап береді. Біз мектеп психологының қатысуымен кәмелетке толмаған оқушылардан жауап алуымызға құқығымыз бар. Маған қылмыстың ізін суытпай, қаскөйдің қайда бой тасалағанын білу маңызды. Сондықтан, жағдайға түсіністікпен қараңыздар", - деді Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Өтегенов.

Оқиға куәгерлерінің сөзінше, 12 жастағы қыз үзіліс кезінде жоғалып кеткен. Кәмелетке толмаған оқушыны бүкіл мектеп болып жабыла іздепті. Сол кезде жәбірленуші білім мекемесінің дәретханасынан табылған. Қаскөй арам пиғылын жүзеге асыру үшін оқушының артынан аңдып барған көрінеді.

"Зардап шеккен қыз оқыған сыныпта менің де балам оқиды. Ертең мұндай сұмдық оқиға біздің де басымызға келетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, мектеп директорынан бастап, жауапты тұлғалардың жауап бергенін қалаймыз", - дейді тұрғын Надежда Бабак.

Тапа тал-түсте оқушының зорланғаны сол сыныпта оқитын ата-аналардың шыдамын тауысты. Ашынғандар мектеп әкімшілігінен бастап, жауапты қызметкерлердің бәрі жазасын алу керек деп есептейді.

"Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары ізін суытпай 38 жастағы азамат ұсталды. Бұрын ұрлық үшін жазасын өтеген. Үйленбеген. Егер, күдіктінің кінәсі дәлелденсе ол 17-ден 20 жылға дейін немесе өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін", - деді облыстық полиция департаментнің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Бір анығы оқиға 15 қараша күні қаладағы білім ошақтарының бірінде болған. Күні-түні есігінде күзетші тұратын мекемеге қаскөйдің қалай кіргені әзірге белгісіз. Осы жағдайдан әбден жүректері шайылып қалған ата-аналар енді балаларын мектепке жіберуден қорқып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін