Тасқын судан зардап шеккен 2 елді мекен басқа орынға көшірілуі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тасқын судан зардап шеккен 2 елді мекен басқа орынға көшірілуі мүмкін

Тасқын судан зардап шеккен 2 елді мекен басқа орынға көшірілуі мүмкін

Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакент кентінде орналасқан облыстық штаб жетекшісінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бүгін онлайн режимде өткізген баспасөз мәслихатында ертеңнен бастап су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің балалары қашықтан оқитынын мәлімдеді.

  • 5 Мамыр 2020
  • 26
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, балалардың оқуына қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы ұйымдастырып жатқанын жеткізді.

Ертеңнен бастап суға батқан ауылдың балалары қашықтан оқуға кіріседі. Арнайы сынып жабдықталып, теледидар орнатылды. Осы жердегі педагогтар да балалардың су тасқынына байланысты үзіп алған оқуын жалғастыруға көмектеседі, — деді ол.

Тағы бір айта кететін жайт, су басып кеткен ауыл тұрғындарына бүгінге дейін 100 мыңға жуық гуманитарлық көмек келіп жеткен. Олардың барлығы да рет ретімен эвакуациялық пункттерге таратылып жатыр. Ал тасқын судан зардап шегушілерге арнап ашылған қаржы қорына әлі қаражат түспеген көрінеді.

Біз қаражат қорын жарияладық. Алайда, әлі қаражат түспеген. Бүгін ресми түрде қанша ақша түскенін баспасөз мәлімдемесі арқылы жариялайтын боламыз, — деді штаб жетекшісінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Оның сөзінше, қазір Мақтаарал ауданында ахуал тұрақты, Өзбекстан тарапынан ешқандай су келіп жатқан жоқ.

Сіздерге айтатын жағымды бір жаңалық, осында эвакуациялық пунктте жатқан жеті елді мекеннің тұрғындары үйлеріне қайтады. Олар: Шұғыла, Нұрлы таң, Тәңірберген, Жайлыбай, Арайлы, Ырысты, Қарақиыр ауылының тұрғындары. Олар арнайы автобустармен үйлеріне қайтады. Ал тасқын судан ең көп зардап шеккен елді мекендер Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Өргебас, Достық Фердоуси. Оларда 6128 тұрғын бар. Қазір "Қазсушар" РМК мәліметі бойынша бұл елді мекендерде су төмендеген, жағдай тұрақты, — деді ол.

Онлайн брифингте штаб жетекшісі Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларынан қосымша 30 өнімділігі жоғары су жинағыш насостарды тартып, оларды су қаупі жоғары жерлерге орнатылатынын атап өтті.


Онлайн брифингте зардап шеккен 1300 үйдің және олардың инфрақұрылымы, яғни, су, электр, газ және байланысы қайта қалпына келтірілетіні айтылды.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Үкімет отырысында қанша шығын болғанын мәлімдеді. Енді мемлекеттік комиссия өтемақының мөлшерін қанша етіп белгілейтінін күтіп отырмыз. Зардап шеккен әр отбасына Арыс тәжірибесі бойынша өтемақы беріледі, — деді Сәкен Қалқаманов.

Айта кетейік, суға батқан аймақта 4 фельдшерлік амбулатория, 4 мектеп, 1 мәдениет үйі, 5 балабақша, одан басқа 11 коммерциялық нысан зардап шеккен.

Сәкен Қалқамановтың айтуынша, аталған 11 коммерциялық объектілерге "Атамекен" ҰКП көмегімен кеткен шығын есептеледі. Сонымен қатар, аудан халқына алда үш ай маусым, шілде, тамыз бойы құрылыс материалдары, азық-түлік, техника т.б. түрінде көмек көрсетіледі.

Біз бүгін Жаңа тұрмыс пен Жеңіс елді мекендерін басқа орынға көшіруді ойластырдық. Себебі, аталған екі елді мекен төменде орналасқан. Тасқыннан ең бірінші жүз пайыз зардап шеккен де солар. Осы үйлерді көшіру үшін учаске іздестірудеміз. Ол үшін облыс әкімінің және мемлекеттік комиссияның шешімін күтіп отырмыз, — деді ол.

Ал тасқын судан болған мал шығыны әлі толық есептелмепті. Штаб жетекшісі ауыл шаруашылық басқармасының цифрларды реттеп жатқанын айта кетті. Сондай-ақ, бүгін зардап шеккен ауданға Атыраудан гуманитарлық көмек келе жатқаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар