Жарияланды: 750

Тәуелсіз кәсіпкерлер Қауымдастығы өкілдерінің пікірінше Алматы қалалық мәслихатының сайлауы бұрмалануы мүмкін

Тәуелсіз кәсіпкерлер Қауымдастығы басшылығының пікірінше, Алматы қалалық мәслихатының сайлауы бұрмалануы мүмкін. Бүгін, 6-тамызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Тәуелсіз кәсіпкерлер Қауымдастығының төрағасы Талғат Акуов журналистерге осындай мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Қауымдастық Алматы қалалық мәслихатына 31 кандидаттың атын ұсынған. Алайда, аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан заңсыз талаптар қойып, сөзбұйдаға салудың кесірінен Қауымдастықтың 26 кандидатын тіркеуден бас тартылыпты. Бас тартуға себеп болған басты сылтау- кандидаттың аты ұсынылғаннан кейін үш күн ішінде сайлау комиссиясына өтініш бермеу немесе тіркеуге берілген құжаттардың сәйкессіздігі. Алайда, Т.Акуовтың айтуынша, Қауымдастық тарапынан аты ұсынылған кандидаттар барлық құжатты "ҚР сайлау туралы " заңына сәйкес дәл белгіленген мерзімде тапсырыпты. Бірақ сайлау комиссиялары өз ішкі құжаттарының негізінде артық құжаттар сұрап, тапсырылған өтініштерді арнайы журналда тіркемеген. Бұл- көпе-көрнеу заң бұзушылық дейді кәсіпкерлер. Сондай-ақ, Т.Акуовтың пікірінше, тіркеуден бас тарту жөніндегі құжат та заң талаптарына сәйкес жазылмай, онда құжатты тіркеу жөніндегі шығу номері мен құжатқа қол қойған лауазым иесінің фамилиясы көрсетілмеген. Осыған байланысты Тәуелсіз кәсіпкерлер Қауымдастығы қазіргі ахуал туралы ҚР президентіне , Бас прокуратура мен Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады. Сондай-ақ, тіркеуден бас тартылған кандидаттар аумақтық сайлау комиссияларының әрекеттеріне байланысты сотқа шағым түсірді. Соттан оң шешім шығарылған жағдайда Тәуелсіз кәсіпкерлер Қауымдастығынан аты ұсынылған кандидаттар сайлау алдындағы науқанды одан әрі жалғастырмақ ниетте.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть