Еліміз 28—шіқысқы Универсиаданы өткізуді мойнына алған болатын. Ол үшін бас жоспар бойынша 4 спорттық нысан тұрғызу қажет. Бүгінде Алматыда олардың құрылысы басталып та кетті.
Жанат Айтілеу, Алматы қалалық саулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
— 2017 жылы өтетін универсиадаға біз 4 нысанның құрылысын қарастырып отырмыз, оның үшеуі басталды. Біреуі шаңғы трассалары.Бірақ оның жобасы енді жасалып жатыр, ал 3 мың орынға және 12 мың орынға арналған мұз айдындары және 5 мың орынға арналған атлеттер ауылының құрылысы басталып кетті.
Жоспар бойынша, бұл спорттық кешендердің құрылысы 2016 жылдың күзіне қарай толықтай аяқталуы тиіс.Тек тәуелсіз сарапшылар осы 4 нысанды тұрғызу ел қазынасын 630 миллион АҚШ долларына ортайтатынын айтады. Тіпті,12 мың орындық мұз айдыны, ең көп қаржы жұмсалған шаңғы трамплинінен екі есе қымбатқа түспек. Сондықтан сарапшылар елімізде Универсиаданы өткізу ел қаржысын оңды-солды шашу деп санайды.
Леонид Юрьев, тәуелсіз сарапшы:
— Біз еліміз үшін қымбатқа түсетін ғимараттарды салып жатырмыз. Бұл ақылға қонбайды. Ол да ертең өзін-өзі ақтамай, қараусыз қалады. Оның орнына балаларға арнап, қаншама дене шынықтыру, сауықтыру орталықтарын салуға болар еді.
Ал Универсиаданы ұйымдастырушылар, «Төрткүл дүние көз тігетін байрақты бәсекені өткізу еліміз үшін үлкен абырой» — дейді. Құрылысына қыруар қаржы жұмсалатын нысандар әлемдік стандартқа сай бой көтеретін болады. Универсиада жалауын түсіргеннен кейін де кешендер ел игілігіне жаратылмақ.
Ілия Оразақов, «Универсиада-2017» Атқарушы дирекциясының жетекшісі:
— Жалпы құрылысқа нақты қанша қаржы жұмсалатыны әзірге белгісіз. Бюджет бекітілген жоқ. Нысандардың барлығын заманауй үлгіде саламыз. Ертең де ол нысандар халықтың игілігі үшін пайдаланылады.
«Универсиаданы өткізу еліміз үшін қып-қызыл шығын» деп дабыл қағып жатқанда, Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізе ме, жоқ па деген мәселе Брюссельде қаралып жатыр. Егер Универсиада өткізуді былай қойып, дәрежесі одан жоғары Олимпиаданы өткізсек, ел қазынасына түсер салмақтың арта түсетіні анық.