Жарияланды: 470

Тәжікстан Қазақстанға электр қуатын экспорттау жұмысын қайтадан жандандырды

Екі жылға созылған үзілістен кейін Тәжікстан Қазақстанға электр қуатын экспорттау жұмысын қайтадан жандандырды. Бұл туралы Тәжікстан Республикасының энергетика министрінің орынбасары Хусейн Алиев хабарлады.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері Тәжікстан Республикасы Қазақстанға 161 млн. кВт/сағ, Өзбекстанға 203 млн., Қырғызстанға 101 млн. кВт/сағ. электр қуатын шығарған. "Ал мамыр айынан бастап Тәжікстан Ауғанстанның солтүстік бөлігіне электр қуатын экспорттай бастады",- дейді министрдің орынбасары. Х.Алиевтің хабарлауынша, сондай-ақ, өткен жылдармен салыстырғанда Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталатын электр қуатының көлемі бірнеше есе артқан. Ол осы орайда Тәжікстанның көктем және жаз маусымдарында артық электр қуатын көршілес елдерге экспортқа шығаратынын еске салды. Себебі, осы мерзімде Тәжікстанның ірі су электр станцияларындағы су қоймалары мен жергілікті өзендердегі су деңгейі жоғарылайтындықтан электр қуаты артық көлемде өндіріледі. "Экспорт баспа-бас айырбас есебінен жүзеге асырады, экспортқа шығарылған электр қуатының орнына су деңгейі төмендеп, өндірілетін электр қуатының көлемі біршама азаятын күз және қыс маусымдарында Тәжікстан осы елдерден қайтадан электр қуатын тегін алады",- дейді ол. Тәжікстан Республикасы мемлекеттік статистикалық агенттігінің жедел мәліметтеріне сәйкес, 2003-жылдың қаңтар-маусым айларында Тәжікстанның сыртқы сауда айналымында электр қуатының иеленетін үлесі 7,3 процентті құрады. Жалпы экспорт көлемі 23,9 млн. долларға бағаланып 1949,6 млн. кВт/сағатты, импорт көлемі 30,9 млн. долларға бағаланып, 2305,1 млн. кВт/сағ. құрады. Тәжікстанның энергетика саласындағы басты әріптесі Өзбекстан болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть