Жарияланды: 1300

Теңгенің 10 жылдығына орай ҚР Ұлттық банкі 1 мың теңгелік күміс және 100 теңгелік металл ақшаларды айналымға шығарды

Теңгенің 10 жылдығына орай ҚР Ұлттық банкі номиналы 1 мың теңгелік екі түрлі мерекелік күміс ақшалар мен 100 теңгелік номиналды төрт түрлі әрі қос түсті металл ақшаларды 1-қазаннан бастап айналымға шығарды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінен таратқан хабарламада айтылған.

Мерекелік күміс ақшаның бірінші түрінің бет жағында Қазақстанның көк байрағы, ал сырт жағында 5 мың теңгелік қағаз ақшаның бейнесі мен "Теңгеге 10 жыл" атты жазу, сондай-ақ, Ұлттық банктің логотипі мен Қазақстандық Теңге сарайының тауарлық белгісі бейнеленген. Мерекелік күміс тиынның екінші түрінің бет жағында әртүрлі номиналды тиындардың бет және сырт жақтары мен "Теңгеге 10 жыл" және "1000 теңге " деген жазулар бар. Ал ақшаның сыртқы бетінде алтындалған көгілдір түсті ҚР Елтаңбасы бейнеленген. Бұл екі түрлі монета 3 мың данамен шығарылды. 925 сынамды күмістен жасалған ақшалардың салмағы 67,25 грамм, диаметрі 500 мм. Ал қос түсті металл ақшалар шығыршық пен дисктен құралған шеңбер түрінде жасалған. Ақшаның ішкі дискі ақ түсті нейзильбер қоспасынан, сыртқы шеңбері сары түсті нибрасс қоспасынан жасалған. Барлық төрт түрлі металл ақшаның төртеуінің де бет жағының орта тұсында рельефті шеңбердің фонында "100 теңге" деген жазу бар. Жазуды айнала ұлттық оюдың үш элементі бейнеленген. Металл ақшалардың сыртқы беттерінде аңыздағы арқар бейнесі, қасқыр, жолбарыс және құс тәрізді төрт түрлі бейнелер салынған. Диаметрі 24,5 мм-лік, салмағы 6,45 граммды құрайтын металл ақшалардың әрбір түрі 100 мың данадан шығарылды. Металл ақшалардың барлығы да Қазақстанның теңге сарайында жасалған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін