«Құрманғазы» жобасының әрбір қомақты сатысына дайындық жұмыстары барысында осындай қоғамдық тыңдау шаралары ұйымдастырылып отырады. Соның нәтижесінде техникалық жобалар сынақтан өткізіліп, жобаны жүзеге асыру барысындағы қоғамдық пікірге назар аударылады, сондай-ақ, жергілікті әкімшілік, өндірістік және ғылыми мекемелердің ұсыныстары мен нұсқаулары ескерілетін болады.
Құрманғазы жобасын жүзеге асырудағы басты мақсаттар мен міндеттерге тоқталар болсақ : Қазақстанда теңіздегі мұнайгаз саласының негізін қалап дамыту; мұнай және газ өндіру көлемін ұлғайтып, саланың ресурстық базасын нығайту; мұнай операцияларынан түсетін пайда, салықтар, роялти және бонустар есебінен әртүрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін қаржылық түсімдерді ұлғайту ; жергілікті материалдар, тауарлар мен қызмет түрлерін кеңінен қолдану; еліміз азаматтарына арнап қосымша жұмыс орындарын құру; әлеуметтік инфрақұрылым мен әлеуметтік бағыттағы жобаларды дамыту.
Құрманғазы құрылымы Солтүстік Каспий акваториясының оңтүстік бөлігінде , Баутино айлағынан солтүстік-батысқа қарай 80 шақырымда , Бұзаушы үстіртінің теңіздегі жалғасында орналасқан. Одан оңтүстікке қарай 35 шақырымда Итбалық аралдары архипелагы орналасқан.
Мұнайгаз құрылымының болашақ қорын бағалау үшін 2003-жылы жобалық тереңдігі 2000 және 1300 метрлік екі барлау ұңғысын бұрғылау межеленген. Бұрғылау жұмыстарын «Астар» және «Исполин» атты бұрғылау қондырғыларының көмегімен «Лукойл-Шельф ЛТД» және «Қиыршығыс теңіз компаниясы» кәсіпорындары атқарады.
Бұрғылау кезеңі ҚР үкіметінің қаулысы бойынша бекітілген «Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Мемлекеттік қорық аймағындағы арнаулы экологиялық талаптарға» сәйкес айқындалып, №1 ұңғыма үшін 78, №2 ұңғыма үшін 65 тәулік болып бекітілді.