«Теңізшевройл» ЖШС газды алауда жағуды 94 пайызға қысқартқаны үшін әлемдік көшбасшы атанды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Теңізшевройл» ЖШС газды алауда жағуды 94 пайызға қысқартқаны үшін әлемдік көшбасшы атанды

«Теңізшевройл» ЖШС газды алауда жағуды 94 пайызға қысқартқаны үшін әлемдік көшбасшы атанды

24 қазан күні Лондонда ілеспе мұнай газын жағуды азайту бойынша өткен жаһандық форумда «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) газды алауда (факелде) жағуды қысқарту бойынша жетістіктері ерекше атап өтілді.

  • 16 Қараша 2012
  • 364
Фото - Caravan.kz

Дүниежүзілік банктің газды алауда жағуды қысқарту жөніндегі жаһандық серіктестігі (ГАЖҚЖС) ТШО-ны газды алауда жағуды қысқарту бойынша әлемдік көшбасшы деп таныды. ТШО мұндай жетістікке газды кәдеге жарату (ГКЖ) жобасын сәтті жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізді. Аталмыш бағдарлама ТШО-ның газды алауларда дағдылы жағуды қысқарту жөніндегі міндеттемесін орындауға септігін тигізді. Кәсіпорын газды алауда жағудан болатын шығарындыларды 2000 жылдан бері 94 пайызға қысқартуға қол жеткізумен бірге, осы уақыт аралығында мұнай өндіру көлемін 147 пайызға арттырды.

«Серіктестеріміз және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауы нәтижесінде ТШО газды кәдеге жарату жобасын кестеге сай, уақытында сәтті аяқтай отырып, екінші буын зауыты мен шикі газды айдау нысанын іске қосу арқылы өндіріс көлемін айтарлықтай арттырды» — деп мәлімдеді ТШО-ның бас директоры Тим Миллер. -Газды кәдеге жарату жобасы ТШО-ның экологиялық көрсеткіштерін әлемдік деңгейге сай етуге деген ұмтылысын көрсетеді және де жоба 2000 жылдан бергі игерілген жалпы сомасы 2,2 млрд. доллар құрайтын қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялық бағдарламамыздың бір бөлігі болып табылады.

Газды кәдеге жарату бағдарламасын жүзеге асыру қазақстандық жұмысшылар мен кәсіпорындардың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға септігін тигізді.

«Газды кәдеге жарату бағдарламасы бойынша қазақстандық қамту үлесі 129 млн. АҚШ долларын құрады», — дейді ТШО бас директорының орынбасары Әнуарбек Жәкиев. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асырудың ең қызған шағында мердігер ұйымдардың 900 қызметкері жұмысқа тартылды. Құрылыс жұмыстарының 50 пайыздан астамын қазақстандық кәсіпорындар атқарды.

«Теңізшевройл» ЖШС шикі мұнайды, сұйық және құрғақ газды, сонымен бірге күкіртті жайғастыру, өндіру және өткізумен айналысады. Қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық жұмыстар халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Қазақстанның батыс аймағында орналасқан Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылды. Қазір де ол әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналады. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» — 50%, «ҚазМұнайГаз» — 20%, «ЭксонМобил» — 25% және «ЛукАрко» — 5%.

Соңғы жаңалықтар