Тентіреп қалған туристер «Гүлнар-Тур» кеңсесіне басып кірді - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+34 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тентіреп қалған туристер «Гүлнар-Тур» кеңсесіне басып кірді

Тентіреп қалған туристер «Гүлнар-Тур» кеңсесіне басып кірді

«Гүлнар Тур» төңірегіндегі шу басылар емес! Турагенттік енді Түркияға сатқан жолдамаларын ешкімге ескертпестен күшін жойған. Ақысын төлесе де, ешқайда ұша алмай тағы Алматы әуежайында тентіреп қалған туристер бүгін компания кеңсесіне баса көктеп кірді. Жұрт болмай қалған демалыстарының ақысын талап етуде. Бірақ ашулы азаматтарға тұщымды жауап қайтаратын жан жоқ. «Гүлнар Тур» компаниясының басшылығы бүгін де жұмыс орындарында төбе көрсетпеді.

  • 5 Шiлде 2014
  • 492
Фото - Caravan.kz

“Гүлнар Турдың” кеңсесі бүгін осылай тас-талқан болды. Қызметкерлері жұрттан қашып бас сауғалап жүр. Күшейтілген күзетін қоғадай жапырған жұрт бір жыл күткен шетелдік демалысына жете алмай жабыққандар. Шалғайдан артынып-тартынып келіп, Алматы әуежайында қаңғып қалған қараша ашулы.

Гаухар, турист:

-“Гүлнар Тур” телефонын көтермейді. Бір өкілі келіп жағдайды түсіндірген жоқ. Біз 50 адам сол жерде шуладық. Ал келген ұшақ кері қарай бос қайтты.Өйткені біздің ақшамыз төленбеген. Ал біз қаңтарда төлеп қойғанбыз барлық ақшаны.

Осылайша,арманға айналған демалыс Алматы әуежайындағы бір түнмен түгесілді. Бақсақ, қарашадан қыруар жинаған “Гүлнар Тур” Түркияның демалыс орындарына көк тиын да аудармапты.

Гүлнар Исаева, турист:

-Қызым Түркияға хабарласады, олар түрікше сөйлейді. Қонақ үй айтты: “Тым тырыс, ешкім ақша берген жоқ, ешкім ештеңе берген жоқ. Сіз сол жерден қараңыз, ұшақ бар ма? Трансфер бар ма?”- дейді.

“Гүлнар Турдың” түлкі бұлаңға салған тұрақсыз тірлігі еліміздің өзге өңірлеріндегі туристік агенттіктерді де тақырға отырғызған. Керекуде білдей турфирманың құлағын ұстаған Ольга “Гүлнар Турдың” жолдамаларын сатқан. Аяғында өзі жұрттың талауына қалды.


Ольга Ольхина, туристік фирма қызметкері:

-Біз кеше министрлікке телефон шалып жағдайды сұрағанда бізге “Гүлнар Тур” өзінің банкрот болғанын жариялап арыз түсірді” деді. Артынша біз “Гүлнар Турға” қоңырау соғып турист ретінде тур алғымыз келетінін айтқанда “Иә келіңіздер, сатылады” деді. Бұл компания қазір де адамдарды алдап жатыр.

Ал “Гүлнар Тур” қызметкерлерінің арыз қабылдаудан қолдары тимеуде қазір. Банкрот болады деген ақпарды растамады, жоққа да шығармады.

Ирина Самойлова , «Гүлнар Тур» туристік компаниясының заңгері :

-Өтемақы туралы мәселе шешілуде. Қазір туристердің арызын қабылдап жатырмын. Барлығын заңдық тұрғыда жинап өткіземін, басшылық 10 күн ішінде мәселені шешеді деп сенемін.

-“Гүлнар Тур” бүгін кеңселеріне басып кірген жұртты демалысқа жібермек түгілі, Түркияда тентіреп қалған қандастарды қайтара алмай әлек. Ондаған адам әлі әуежай жағалап жүр. Оларды енді Үкімет түріктің әуе компаниясымен келісіп, 10 шілдеге дейін қайтаруға келіскен. Ақысын сол “Гүлнар Турға” төлетпек. Ал жұртты жылатқан турагенттік басшыларының қандай жазаға тартылары белгісіз.