Тілашар: Мен мектепке барамын - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тілашар: Мен мектепке барамын

Тілашар: Мен мектепке барамын

Қазақтың жаз жайлауындағы тілашар тойы жайма-шуақ күнде қоңсы қонған малшы қауымды қонаққа шақырумен басталатын. Бұл баланың мектепке баруына орай атқарылатын алғашқы той. Алты қанатты киіз үйге лық толған адам ақжарма тілектерін білдіреді. Ойын балалары сыртта жүрсе, іштегілер өздері мәз-мейрам. Үзіліс кезінде үлкендер жаяу жарысып, жастар жағы алтыбақан тебетін. Қазіргі «тілашарды» көріп, ол да бір дәурен екен ғой дейсің.

  • 15 Қыркүйек 2021
  • 603
Фото - Caravan.kz

*****************************

Шаттыққа толы болсын келер күндер,
Нұры ғой көзіміздің көгершіндер.
Аман қыл құртақандай құлындарды,
Аруақтар, желеп-жебеп жүресіңдер?!

Адамдар артқан екен ұрпаққа үміт,
Солардың арқасы ғой, тұрсақ күліп.
Еңбектеп,
Тәй-тәй басып,
Мектепке барып,
Сұңқардай
Шыңға қонар шырқап шығып.

Желкілдеп жігіт болды тайға мінер,
Күй болып шалқы көңіл, қайна жігер.
Алдынан арайланып бақыт таңы,
Азамат болсын аузын айға білер.

Көргендер бақытты ғой немересін!
Көгерсең немереңнен көгересің…
Ертең-ақ мақтанышқа айналады,
Ат ерттейтін Азамат деген есім.

Ұрпақпен ұласады мұрат арман,
Бәйтерек бой көтерер құба талдан.
Тойлаңдар,
Қуаныңдар, ағайындар,
Шалқып қайт, шаттық тойы —
Тілашардан!

**********************************

ТІЛАШАР БАТАСЫ

Адам болар баланың,
Қайтармайық талабын.
Мектепті алғаш аттаған,
Құтты болсын қадамың.
 
Сәбиліктен марқайып,
Өскендігі санаңның.
Әріптерден сөз құрап,
Жорғаласын қадамың.
 
Үміттерін ақтай біл,
Әкең менен анаңның.
Жүрегіңе сақтай біл,
Жақсы сөзін дананың.
Сондай бала болсын деп,
Тілек айтар қазағым.
Балалы үйлер көбейіп,
Бола берсін базарың.
 
Осындайға жеткізсін,
Әрбір үйдің адамын.
Жастар өсіп қалқан боп,
Болса деймін қамалың.
 
Қой үстінде бозторғай,
Жұмыртқалар заманың.
Сол замандай болса екен,
Егеменді қазағым.
 
Бастарыңа бермесін,
Қыйыншылық азабын.
Жастарыма қонса екен,
Даналығы бабамның.
 
Әмин, Аллаһу Әкбар!

*************************

Тілашар туралы мағлұмат:

Қазақ халқы әр күнін думанға айналдыра білген. Ұлы дала төскейін жайлаған жұрт жерінің кеңдігіндей көңілдерінің де тар еместігін тойларының көп екендігінен аңғаруға болады. Дегенмен, «той десе қу бас домалайды» дейтін ата-бабаларымыз той-думанды салт-дәстүр, жөн-жоралғысын келістіріп жасаған. Ұлын үйлендіріп отау еткенін, қызын ұзатып өрісін ұзартқанын ат шаптырым етіп мән берумен мағыналы өткізсе, одан өзге тойларды да атаусыз қалдыруды жөн деп таппаған. Сәби дүниеге келгеннен бастап әрбір қадамына арналған шашуды тоймен көмкере білгені жарасымды әрине. Бұл жоралғылар шашылудың жөні осы екен деп емес, «адамның адам боп кетуі қиын» екенін жақсы білгендіктен жасалып отырғаны белгілі. Ал салтты бауыр етінің болашақ өміріне байланыстырып ұйымдастыра білгенін көзіміз көріп жүр. Біздің халықтың өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі – титімдей қуанышын жұртқа айтып, көпшілікпен бірге тойлап, қызығын жария етіп, жар салатындығында. Кез келген қуанышын ағайын-туғанмен бөлісетін қазақтың тағы бір тойы – «Тілашар». Ата-бабамыздың сәбиінің жан-жақты боп өсуіне үлкен мән берген. Тілашар тойы арқылы баланың білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруды мақсат еткен, инемен құдық қазатындай жасқа жеткенін санасына сіңіру.

Бала – біздің өміріміздің жалғасы, ұрпағымызды жалғастырушы. Болашақтың иесі. Адам баласының өсіп-өнетін, тәлім-тәрбие алатын бастауы отбасынан басталса, келешек ғұмыры үшін біліммен сусындату әр ата-ана парызы. Осы міндеттерін орындау үшін баласы 6-7 жасқа толғанда мектепке беруге асығады.

Соңғы жаңалықтар