Жарияланды: 80

"Тізімі жасалды": Әкімдік 21 мың теңге алған отбасыларды сотқа беруі мүмкін

"Тізімі жасалды": Әкімдік 21 мың теңге алған отбасыларды сотқа беруі мүмкін

Астанада табысын жасырып, мемлекеттен әлеуметтік көмек алған отбасылар анықталды.

Елорда әкімдігі атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасыларды сотқа беруі мүмкін. Бұл туралы бүгін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Нұрғожинаның айтуынша, бірінші сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген 1118 отбасының өтініші мақұлданбаған.

"Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде, отбасының тұрмыстық жағдайы тексеріледі. Әкімдік аппараты жанындағы учаскелік комиссиялар әрбір үйге барып, барлығын тексеріп шықты. Нәтижесінде 1118 отбасының өтініші мақұлданбады. Бірақ, коттедж, зәулім сарайларда тұрып, әлеуметтік көмек алғандар жоқ", - дейді басқарма басшысы қалалық мәслихаттың отырысында.

Алайда, оның айтуынша, табысын жасырып, мемлекеттен көмек алған отбасылар бар екен. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер, әскерилер де бар.

"Біз инвентаризация жүргіздік. Әлеуметтік көмек алуға өтініш берген кезде, табысын жасырған отбасыларды анықтадық. Яғни, жұмыс беруші табысты дұрыс көрсетпеген. Төлемді келесі тоқсанда жасаған. Қазір олардың тізімі жасалды. Еңбек инспекциясымен бірлесіп, әрбір отбасымен жеке-жеке жұмыс істейміз", - дейді ол. 

Әкімдік ақшаны бюджетке өз еркімен қайтармаған отбасыларды сотқа беруі мүмкін.

"Бірінші, отбасыға ақшаны өз еркімен бюджетке қайтару туралы хабарлама жібереміз. Егер, олар қайтармаса, материалдарды сот органдарына тапсырамыз", - деді Нұрғожина.

Қазір, басқарманың мәліметінше, елордада 5 669 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға сәйкес, отбасы табысын растауы тиіс. Кіріс отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспауы керек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін