Тоқеаев: Су тасқыны жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тоқеаев: Су тасқыны жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын

Тоқеаев: Су тасқыны жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың бірнеше отырсын өткізіп, жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысындағы жағдаймен өзі танысқан еді. Бүгін су тасқынына байланысты аймақтардағы мәселемен жеке тынысып-білу үшін Президент жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барды

  • 16 Сәуiр
  • 63
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы  Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарын Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап көруден басталды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған.

Су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.

Сондай-ақ Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті.

Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. 

Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі. Мемлекет басшысы ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бюджетті үнемдеу

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты.

Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажетті мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.

Қабылданып жатқан іс-шаралар

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Петропавл су торабына барды. 

Айта кетейік, Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді.  

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Әсіресе, биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. 

Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Сондай-ақ ол су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді.

Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылғанын баяндады. 

Оның айтуынша, әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. 

Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бөгеттер салу, оларды нығайту жұмыстарын атқарған. Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады.

Тоқаевқа қалыптасқан жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жылжымалы басқару пункті жабдықталғаны жөнінде мәлімет берілді.

Ол үшін әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі су тасқынына қатысты жағдайдың өзгеруіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады.

«ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин Президентке Сергеевка су қоймасы 2022 жылы көпфакторлы тексерістен өткенін және оның техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланғанын мәлімдеді. Бүгінде өңірдегі екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. 

Содан кейін Президентке СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі жағдай туралы баяндаса, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы айтты. Ал «ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин Президентке Сергеевка су қоймасы туралы мәлімет берді.

Еріктілер мен құтқарушылар

Бұдан бөлек Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жатқан құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғыс айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких Президентке облыстағы әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылғаны жөнінде мәлімет берді.

«Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылғаны туралы айтты. Штаб 2500-ден астам волонтерді үйретеді және олардың жұмысын үйлестіреді.  

«Севказэнерго» акционерлік қоғамының бас директоры Анатолий Казановский аталған кәсіпорынның акционерлері 100 миллион теңге бөлгенін, трансформаторлар орнату және электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізгенін айтты.

«Қызылжар жолдары» ЖШС директоры Асхат Жолдаспаев компанияның су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысып жатқанын жеткізді. Осы ретте аталған мекеме бөгеттер салу және нығайту үшін арнаулы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар бөліп отыр.

Өңірдегі еріктілердің жұмысы туралы СҚО бойынша ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких пен М.Жұмабаев атындағы колледждің 3-курс студенті, волонтер Дидар Аймұқан мәлімет берсе, «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылғаны туралы айтты.

Ал «Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановский төтенше жағдай кезінде тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмек туралы айтты. Меценат, «Қызылжар жолдары» ЖШС құрылтайшысы Асхат Жолдаспаев компаниясының атынан тұрғындарға көмек көрсетілгенін, жұмысшыларының су тасқыны болған аудандарда еңбек етіп жатқанын баяндады. 

Сонымен қатар СҚО ТЖД жедел құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы Еділ Зикрин табиғат апаты кезінде бірлік пен ынтымақтың арқасында адам шығынына жол берілмегенін атап өтті. Ал «Радуга» ЖШС директоры Дмитрий Шарапаев компаниясының штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және құрылысқа қажетті материалдар шығарып жатқаны туралы айтып берді.

Қостанай облысындағы жағдай

Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына ұшып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқын аумақтарды аралап көрді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. 

Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.

Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.

Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.

Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай ауданына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.

Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті.

Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақытылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті. Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.

Президент қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді.

https://t.me/aqorda_resmi/16418?embed=1

Кездесу соңында Мемлекет басшысы келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар