Туристерді тентіреткен «Гүлнар Тур» лицензиясынан айрылмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Туристерді тентіреткен «Гүлнар Тур» лицензиясынан айрылмақ

Туристерді тентіреткен «Гүлнар Тур» лицензиясынан айрылмақ

Жүздеген отандасымызды шетелде тентіреткен “Гүлнар Тур” туристік компаниясы лицензиясынан айрылмақ. Жауапкершіліктен жалтарып, жұртты Түркияға апарған күйі қалдырған турфирмаға бүгін Сыртқы істер министрлігі шүйлікті. Тиісті ұсыныс хат Үкіметке жолданған да. Айта кетсек, «Гүлнар Турға» қатысты дау жазғы демалыс маусымы басталғалы өршіп тұр. Ақшасына жолдама алып, жүздеген адамның шетелге шыға алмағаны күні кеше ғана. Теңіз жағасына жеткендері де кері қайта алмай, ақыры Үкімет ұшақ жіберуге мәжбүр болған.

  • 11 Шiлде 2014
  • 353
Фото - Caravan.kz

Тәуліктеп ішерге ас-су таппай, Түркия әуежайларында тентіреген туристер бұл. Жүктері түйулі,бірақ жолдама сатқан “Гүлнар Тур” компаниясына барлығын жолда қалдырды. Қолы ашық біздің Үкімет қашанғыдай өзгенің қиратқанын құрап әлек. Бүгінге дейін 400 туристі елге қайтарды. Тағы ондағаны Түркияға бара алмай тентіреп жүр. Сол жауапсыз турфирманы лицензиясынан айыруды енді Сыртқы істер министрлігі талап етіп отыр.

Рапиль Жошыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

-Бұл проблема алдыңғы жылыда болған. Туризм комитетіне хат жіберіп туристік компаниялардың жұмысын бақылауды тапсырғанбыз. «Гүлнар турға» да хат жолдап есеп беруін сұрадық. Олай етпесе лицензиясын қайтару керек.

“Гүлнар Тур” болса аузына құм құйғандай ләм-мим деп тіл қатпады. Тілшілерден тығылып, тексеруден бұғып жүр. Шенеуніктер жұртты тақырға отырғызғыш “Гүлнар Турдың” әуселесін енді өздері көрмек. Қазір Алматының құқық қорғау орындары компанияның құжаттарын тексеруде. Ал сасқан үйректей артымен сүңгіген “Гүлнар Тур” кеңселерін бекітіп қашыпты.


Марат Иғалиев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм комитетінің төрағасы:

-Қазір тексеріс өтіп жатыр. Бірақ Туризм комитетінің ұсыныстары бар, тұрғындарға. Әрбір турист шетелге шығар алдында турфирмалардан қонақ үйдің құжаттарын сұрауы тиіс. Онда орындар бар ма, жоқ па, ақшасы төленді ме, бәрін анықтап алу қажет.

Айтқандай-ақ, Түркияда қаңғып қалған туристерімізді былай қойғанда бір жыл жиған қаржыларымен демалысқа аттанбақ болған қандастарымыздың опық жегені бар. Әуежайда сағаттап күтіп ұша алмай “Гүлнар Тур” кеңсесіне баса көктеп кірген. Арыз да жазды, бірақ өтемақылары әлі жоқ.

-Түркияда тентіреп қалған тағы ондаған адам бар. Олар алдағы сенбіге дейін қайтарылмақ. Оған қоса “Гүлнар Турға” даты барларға арнап барлық облыс орталықтарында арнайы штабтар ашылған. Турфирма өзі тастаған туристердің қайтар жолын төлеуге міндеттелген екен. Қазір әуе компаниялары алдындағы қарызы да 700 миллион теңгеден асыпты. Бірақ көк тиын бермеген. Ол аздай енді лицензиясы да тартылып алынбақшы.