Естеріңізге сала кетсек, 19 қазанда Жетібай аудандық көші-қон полициясының 4 қызметкері келімсектерді құрықтаймыз деп жолға шығып, кейін адасып қалған-ды. Тәртіп сақшылары жолшыбай осындай жағдайға душар болған 3 аңшыны кезіктіреді. Барлығы бірігіп бағыт сұрамақ боп алғаш назарға іліккен әскерилерге жолыққан. Бәлеге ұрынғандарын сонда бір-ақ біліпті. Жөн сұрауға барғандары түркмен шекарашылары екен. Сол жерде бәрінің қолына кісен салынған. «Шекараны заңсыз кесті және қару-жарақ тасымалдады» деген айыппен. Еліміздің сыртқы істер министрлігі бауырлас мемлекеттің құзырлы органдарына наразылық нотасын жолдап, қамаудағы азаматтарымызды босатуды өтінгенімен келіссөздер нәтиже бермей отыр. Енді сот шешімін күтуге тура келеді.