ҰБТ-ға өзгерістер енгізуді қолға алса керек, деп жазады «Айқын» басылымы «ҰБТ: Жаңа реформа жемісін бере ме?» атты материалда.
Газеттің атап көрсеткеніндей, жаңа министрліктің шешімімен, биылғы жылы еліміздегі мектеп түлектерінің біліміне қорытынды баға беру жүйесі қайта қаралатын болды.
«Бұл — ҰБТ-ға жасалған бірінші өзгерту. Яғни биылдан бастап, ҰБТ қорытындысы бойынша баға беру жүйесі түбегейлі өзгермек. Өзгертулер бойынша, аттестатқа тестілеуден алынған балл емес, жыл бойы жинаған бағасы мен ҰБТ балының арасындағы арифметикалық баға қойылады екен», — делінген аталған мақалада.
Ақпараттарға сүйенсек, «еліміздегі 11- сынып оқушылары бірнеше жылдан бері ұлттық тестілеудің бағалау жүйесінің салдарынан қайғырып келді. Бұл нормаға сәйкес, оқушы 11 жыл бойы, мәселен, тарих пәнінен бестік баға алып келсе, емтиханнан жеткіліксіз балл алғаны үшін аттестатқа төрт қойылатын. 2015 жылы Білім және ғылым министрлігі бұл жүйеден бас тартуды ұйғарды» дейді.
«Бұдан былай, шенеуніктер білімге тиімді баға беру үшін тестің қорытындысы аздық ететін, баланың жыл бойы жинаған білім көрсеткішін де байқау қажеттігін ескерген сияқты. Алайда бұл жүйенің «Алтын белгі» үміткерлеріне қатысы жоқ секілді. Мамандардың пікіріне қарағанда, кіл бестікке оқитындар өз бағасын ҰБТ-да ақтауы тиіс. Олардың аттестатына ҰБТ-да алынған бағасы қойылатын болады», — деп жазады «Айқын».
Сәрінжіповтің жаңа реформасы бойынша, биылғы түлектер ҰБТ кезінде жинаған балын үйден шықпай-ақ білуіне мүмкіндігі бар. Тест нәтижесі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланбақ. Өз нәтижесін білу үшін әрбір түлек сайтқа кіріп, ЖСН мен тестілеуге қатысуға құжат тапсыру кезінде берілетін индивидуальді тест кодын білсе, жеткілікті.
«Түркістан» басылымы болса, оқырмандардың назарына «Қоқыс жәшігі бесігіне айналған тастанды сәбилердің саны неге артуда?» деген тақырыппен ой-толғам ұсынуда.
«Қазақтың өзгелерге ұқсамайтын ерек қасиеттерін суреттейтін бауырмал, балажан деген анықтауыштар сөздік қорымыздан ада қалып бара жатқандай. Бұған соңғы кездері құлағымызға жиі ілінетін жантүршігерлік оқиғалар себеп. Ең сорақысы, «жаңа туған шаранасын қоқыс жәшігіне тастап кетті», «баласын азаптап өлтірді», «анасына пышақ салды», «әкесін айуандықпен өлтірді» деген ақпараттарға етіміздің үйреніп кеткені. Әсіресе, өзінің ішінен шыққан баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар газет беті мен эфир уақытын босатпайтын болды. Жөргегі кебінге, бесігі қоқыс жәшігіне айналған сәбилердің саны неге артты? Ана өз баласын өлімге қалай қиды? Патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?», — деп басталады мақала.
«Өмірден түңілдім». Өрімдей екі қызын буындырып өлтірген әйел өз қылмысының себебін осылай түсіндірген. Өткен айдың соңында, нақтырақ айтсақ, 23 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында болған оқиға қоғам дертінің асқынғанын көрсетті. Өз анасының қолынан ажал құшқан Балымның жасы небәрі 11-де, ал сіңлісі Аманкүл 9 жаста еді. Бүлдіршіндер оқыған Сарыағаштағы Жүсіпбек Аймауытов мектебінің ұжымы мен оқушылары әлі есеңгіреп жүр. Күнделікті қол ұстасып сабаққа келетін апалы-сіңлілі қыздардың өлімі туған анасынан келгеніне сенгілері келмеген. Бірақ дерек пен дәйектің бәрі 33 жастағы Фируза Тулағанованы нұсқап тұрған соң сенбеске лаждары қалмапты», — делінген мақалада.