«Конституцияға және сайлау заңнамасына сәйкес он сегіз жасқа толған әрбір азамат сайлауда дауыс беру құқығына ие. Сайлаушы өзінің бұл құқығын іске асыра алуы үшін әкімдіктер сайлаушылар тізімдерін жасайды және олардағы мәліметтердің анықтығы мен толықтығына жауап береді», — деді ол.
Б.Мелдешовтің атап өтуінше, нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады. Сайлау туралы заңға сәйкес әкімдіктер 28 ақпаннан кешіктірмей тиісті учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылардың жаңартылған тізімдерін акт бойынша берді.
«Осы сәттен бастап учаскелік сайлау комиссиялары тікелей сайлау учаскелеріндегі жұмысқа кіріседі. Жалпы республика бойынша 9840 сайлау учаскесі құрылды», — деді ҚР ОСК хатшысы.
Сонымен қатар оның айтуынша, 4 наурыздан бастап сайлаушылар тізімдері танысу үшін учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында ұсынылады, әрбір сайлаушы оларда өзі туралы деректерді дауыс беру күніне дейін және сайлау күні тексере алады.