Жарияланды: 670

Үкімет басшысы Ақтау халықаралық теңіз сауда айлағын дамыту жоспарын 1-маусымға дейін жасап бітіруді тапсырды

Бүгін, 11-мамырда үкімет басшысы Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңесте Ақтау халықаралық теңіз сауда айлағын дамыту мәселесі талқыланды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Үкімет басшысы министрліктер мен ведомство өкілдерінің жүргізілген жұмыстар туралы есебін тыңдап, бүгінгі күннің басты міндеті - айлаққа "инвесторлар тартуға жағдай жасау" болып табылатынын атап өтті. Теңіз түбін тереңдету және қорғаныс мақсатындағы гидротехникалық құрылғыларды салу - мемлекеттің алдына қойылатын міндет, соның негізінде жеке бизнес дамиды,- деді ол. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, Ақтау теңіз айлағының өндірістік қуатын арттыру "республика аумағы арқылы тасымалданатын жүк тасымалы ағымын арттыруға, толықтай алғанда, әлемдік деңгейдегі айлақ инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасауы" керек. "Біз Каспийдегі теңіз операцияларының инфрақұрылымын кеңейтудің маңызы арта түскенін түсінеміз, осыған байланысты Ақтау теңіз айлағын дамытудың өзектілігі арта түсті",- деді Даниал Ахметов. Көлік және коммуникация министрлігінің ақпараты бойынша, Ақтау теңіз айлағының қуатын арттыру жоспарында "жылына 10 млн. тонна мұнай тасымалдау, 1,5 млн. тонна құрғақ жүк тасымалдау, 20 мың дана контейнер тасымалдау" қарастырылған. Бұл жаңадан арнаулы терминалдарды салып пайдалануға беру есебінен жүзеге асырылады. Ақтау теңіз айлағы Қазақстанның айрықша маңызды стратегиялық нысаны болумен бірге еліміздегі бәсекеге қабілетті жалғыз сауда айлағы болып табылады. Қазірдің өзінде ол теңізде жүзу және кемемен қызмет көрсету қауіпсіздігіне қатысты барлық халықаралық талаптарға жауап бере алады. Сонымен бірге, кеңесте Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің жанынан Каспийде теңіз құтқарушыларының арнаулы тобын тез арада құру қажеттігі туралы мәселе көтерілді. Үкімет басшысы ҚР Көлік және коммуникация, Энергетика және минералды ресурстар, Қорғаныс министрліктері мен ҰҚК шекара қызметіне, сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігіне Ақтау теңіз айлағының қуатын арттыру жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарды 1-ші маусымға дейін жасап бітіруді, жұмыстарды қаржыландыруға қажетті негізгі лоттарды анықтауды, 2005 жылдан бастап жоспарды сатылы түрде іске асыруға кірісуді тапсырды. Даниал Ахметовтың айтуынша, осы мерзімге дейін "Ақтау теңіз айлағы туралы" заң жобасын әзірлеу және "Теңіз саудасы туралы" қолданыстағы заңға қажетті толықтырулар енгізу жолымен порт шаруашылығындағы бизнес саласының мүддесін заңдық тұрғыда қорғауға бағытталған барлық қажетті іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін