Жарияланды: 490

Үкімет басшысы Қазақстан даму банкінің стратегиясын өзгерту қажет деп санайды

Қазақстан даму банкінің стратегиясын өзгерту қажет. Қазір бұл банк өзінің негізгі функциялық міндеттерін орындай алмай, банк стратегиясы уақыт талабына сай келмей отыр,- деп мәлімдеді бүгін, 8-шілдеде Астанада өткен үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Даниал Ахметов.

Үкімет басшысының айтуынша, 300 млн. доллар көлеміндегі жарғылық қормен құрылған банк бүгінге дейін жалпы құны 54 млн. долларды құрайтын небәрі 12 жобаны ғана қаржыландырған немесе қаржыландыруға дайындаған. Даму банкі басқару сапасына қарай екінші деңгейдегі банктермен бәсекелестік қабілетке қол жеткізе алмай отырғанын мойындау керек ,- деді үкімет басшысы. "Осыған байланысты алдағы екі айдың ішінде осы бағыттағы көңілге қонымды шаралар жоспарын әзірлеп, процесске серпін беру керек",- деді ол. Сонымен бірге, Д.Ахметов Ғылым жөніндегі қордың жұмысына да біраз сын садағын қадап өтті. "Қор жұмысы , былайша айтқанда "төңкерістік" сипаттағы технологиялар мен жобаларды іздестіру, ынталандыру және оны қолданысқа енгізуге бағытталуы тиіс",- дей келіп үкімет басшысы сөзін одан әрі былай деп сабақтады : "Биыл мынадай жұмыс тәжірибесін қалыптастыру керек, нақты айтсақ, қор еліміз үшін төтенше қажет деп табылған бағыттардағы зерттеулерді жүргізіп, осындай жобаларды бастапқы қаржыландыруды жүзеге асырсын, соңынан қаржыландыру - инновациялық қордың міндетіне көшеді. Алдағы уақытта бұл жүйені дамыту үшін ғылыми жобаларды коммерциялық қамтамасыз ету жөніндегі орталық пен жаңа технологияларға трансферт бөлу жөніндегі орталық тәрізді екі институт құру дұрыс",- деді Д.Ахметов. Үкімет басшысының айтуынша, бұл институттар инвестициялық және инновациялық қорлардың белсенді жұмыс істеуіне қажетті құрылымдарды қалыптастыруы тиіс. Қазақстан Даму банкі, Инвестициялық және Инновациялық қорлар мен экспортты қамсыздандыру жөніндегі Корпорация тәрізді төрт институт бірлесе отырып мемлекеттің инвестициялық ресурстарын шоғырландыру және таратуға түрткі болатын біртұтас, ортақ әрі өзара тығыз байланысты институттар жүйесін қалыптастыруға тиіс,- деді Даниал Ахметов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть