Жарияланды: 2400

Үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі заң жобасының үкіметтік үлгісін еліміздегі бейресми ұйымдар қолайсыз деп тауып отыр

Үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі заң жобасының үкіметтік үлгісін еліміздегі бейресми ұйымдар қолайсыз деп тауып отыр. Бұл туралы бүгін, 18-маусымда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының Алматыдағы өкілдігі төрағасының міндетін атқарушы Армандс Пуполс мәлімдеді.

Оның айтуынша, ҚР үкіметтік емес ұйымдары өткен аптадағы дөңгелек үстелде аталмыш заң жобасын түбегейлі өзгерту туралы пікір білдірген. Дөңгелек үстел нәтижесінде арнайы резолюция қабылданып, онда ҚР президентінің атына жолданатын мәлімдеме жобасын әзірлеу және Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру бағытында нақты ұсыныстарды дайындаушы жұмыс тобын құру туралы шешім шығарылды. Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокинаның хабарлауынша, ҚР президентінің атына жолданатын мәлімдеме жобасы қазір дайын және ол бүгін Елбасына жіберіледі. Н.Фокинаның айтуынша, жолдауда заң жобасының "азаматтардың бірлестіктерге бірігу еркіндігіне тұтқиылдан шектеу қоюға және азаматтық қоғамдағы ұйым-бірлестіктерді мемлекеттік реттеу және қадағалауды күшейтуге апарып соғатын " нормалары нақты баяндалған . Сондай-ақ, Н.Фокинаның айтуынша, "Қазақстан - бұрынғы Кеңестік кеңістік бойынша БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы басты пактісін ( шартын ) күні бүгінге дейін бекітпеген бірден-бір мемлекет. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанда Үкіметтік емес ұйымдардың бейбіт қызмет етуіне жағдай жасайтын басты шарттардың бірі" . Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық Қазақстандық бюросының директоры Евгений Жовтистің пікіріне жүгінсек, заң жобасының үкімет дайындаған үлгісінде халықаралық заң талаптарына сай келмейтін нормалар өте көп. Атап айтсақ, "Үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметі туралы есепті міндетті түрде ашық баспасөзде жариялау туралы , үкіметтік емес ұйымдарды пайдалы және пайдасыз деп бөлу туралы , және басқа да талаптар халықаралық заң талаптарына қайшы",- дедйі Е.Жовтис. А.Пуполстың айтуынша, егер "Қазақстан президенті осындағы үкіметтік емес ұйымдар атынан жолданған хатқа жауап бермесе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымы мен Қазақстанда жұмыс істейтін басқа да халықаралық ұйымдар заң жобасын қазіргі қалпында қабылдатпау үшін басқадай амал-тәсілдерді қарастыратын болады".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть