Үкіметтің триллиондаған қарызы сенаторларды шошытты - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкіметтің триллиондаған қарызы сенаторларды шошытты

Үкіметтің триллиондаған қарызы сенаторларды шошытты

Үкімет доллардың қымбаттап, теңгенің құнсыздауынан ең төменгі күнкөріс деңгейін де белгілей алмай қиналып отыр. Өйткені, жұрт жиі тұтынатын негізгі азық-түліктің бағасы күн сайын сан құбылып тұр. Әсіресе нанның нақты қанша теңгеге қымбаттайтыны белгісіз. Ал, әлеуметтік көмектің көлемі дәл осы ас атасының бағасына тікелей байланысты. Экономика мен бюджетке жауапты министрлерден қазір ұйқы қашқан. Тіпті алдағы үшжылдық бюджетті бекіту де, дауға айналып барады.

  • 13 Қараша 2015
  • 436
Фото - Caravan.kz

Доллар өскен сайын азық-түлік құны да шарықтап жатыр. Мәселен,  жаңа жылдан бастап нан 90 теңгеге дейін қымбаттамақ. Мұндай өзгерістен кейін Үкімет әлеуметтік көмек пен ең төменгі күн көріс деңгейін қайта есептеп, бекітуі тиіс. Алайда, теңгенің тұрақсыздығы министрлердің де мазасын қашырып отыр.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Нан бағасына келсек, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп қымбатшылықтың ең төменгі күн көріс деңгейіне қалай әсер ететінін қарап жатырымыз. Соған сай әлеуметтік көмектің де көлемі белгілі болады. Әзірге бір нақты шешімге келмедік.

Қазір ең төменгі күн көріс деңгейі 19 мың теңгеден сәл-ақ асады. Үкімет осы ақшаға адам бір ай бойы еш тарықпай өмір сүре алады деп отыр.

Ал, теңге еркін айналымға кеткелі ең төменгі күн көріс деңгейі қайта қаралмаған. Оның көлеміне қарай жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік көмек тағайындалуы тиіс. Бұл аздай Үкімет алдағы үш жылдық бюджетті де кешіктіріп қабылдауы мүмкін. Басы қатқан министрлер басты қаржылық  құжаттың әлі есебіне жете алмай жүр. Бұл тақырып қозғалса, Қаржы, Экономика министрлері тұра қашады.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

— Мен қашып бара жатқаным жоқ. Дүрбелеңді сіздеп туғызып жүрсіздер. Әзірше, айтатын ештеңе жоқ. Ештеңе дайын емес.

Бюджет төңірегіндегі даудың өршуіне журналистерді кінәлаған бас экономист негізгі қаржылық құжатты бекіте алмай жатқанына қарамастан  Сенаттан Халықаралық банктен несие алуға рұқсат сұрап келген еді. Досаев 40 миллион доллар қарызданып кәсіпкерлерді оқытпақ. Мұны естіген депутаттар қарсы шығып, министрге әуелі шетелдік банктерден алған берешектен тезірек құтылуға кеңес берді.


Қуаныш Айтақанов, Сенат депутаты:

-2015 жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша, еліміздің мемлекеттік қарызы 7,6 трлн.теңге болған. Соның ішінде оның 98,8 пайызы Үкіметтің қарызы екен. Ал, енді соңғы 9 айдың көлемінде Үкіметтің қарызы валюта бағамын ескере отырғанда 1,9  трлн. өсіпті . Немесе 20 пайызға өскен. Мұның бәрі келешек ұрпақтың мойнына ілінген қарыздар емес пе?

Бастапқыда сырттан ақша алуға қарсылық білдірген сенаторлар райынан өте  тез қайтты. Триллиондаған  асатын несиден құтыла алмай жатқанда, тағы 40 миллион доллар қарыз алуға келісім беріп, Досавтың қолын құр қайтарған жоқ. Ал доллардың қымбаттауынан тығырыққа тірелген бюджеттің тағдыры әлі белгісіздеу боп тұр.