Жарияланды: 590

Үлкен даумен басталған Қазақ хандығына қатысты сериал уақытында экранға шықпайтын болды

Үлкен даумен басталған Қазақ хандығына қатысты сериал уақытында экранға шықпайтын болды

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп жатқан көпсериялы фильм Тәуелсіздік күнінде емес, келесі көктемге қарай көрсетілетін болды.

Сериялар санының жиырмадан онға дейін қысқарып, сценарийдің айтарлықтай өзгеруі, сол себепті түсірілімнің кеш басталуы кинотуындының жарыққа шығу уақытын да кешіктіріп отыр. Әзірге түсіру жұмыстарының тек 40 пайызы аяқталған. Алматы облысының Шошанай ауылы маңында өтіп жатқан кезекті түсірілім барысын тілшіміз Ербол Тұрымбет көріп келді.

Бұл эпизодта Керей мен Жәнібектің балалары Қасым мен Бұрындық төңіректі барлау үшін ұлы көштен шеткері шығып, биік төбеге қарай құйғытып барады. Бұл кезекті түсірілімде басты рөл, қосалқы рөл, каскадерларын қоса есептегенде 300-ге тарта адам жүр. 

-Дәл қазір менің артымда Керей мен Жәнібек сұлтандар болашақ қазақ мемлекетінің негізін қалау үшін іздеріне жүздеген тайпа өкілдерінің басын құраған ұлы көшті ертіп, Сығанақтан Моғолстанға қарай көшіп бара жатыр. Екі аптадан бері жалғасып жатқан түсірілім жұмыстарының артқы көріністерінің өзіне 200-ге тарта актер қатысуда. Одан бөлек, Шошанай аулының мал-мүлкі мен Алматыдан арнайы алдырылған ат-түйелер де бар.

Фильм 4 айдан бері түсіріліп жатыр. Хандықты негізін қалаған бас кейіпкерлердің қатарында Асан Қайғы мен Қазтуған жырау да бар.

Бекболат Тілеухан, Қазтуған жырау рөлім сомдаушы:

-Ішкі сарайдың интригасына бұл кісі қатысқан. Осы қазақ хандығының қалыптасуында, ноғай-қазақтың ыдырауында өзіндік бір рөлі болған, сол кездегі көшбасшы, көсемдердің бірі болған адам. Өте бір жақсы рөл деп ойлаймын. Осы рөлдің маған бұйырғанына мен өте қуаныштымын.

Жалпы кинотуындыны жасаушылар мемлекет циклды фильмге тек бастама жасап беріп отыр дейді. Бұл 10 серия Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуінен басталып, Әз Жәнібектің таққа отыруымен бітеді. Әрі қарай жалғастырам деген жеке кинокомпаниялар болса, оған қарсылық жоқ.

Рүстем Әбдірәшев, «Қазақ елі» фильмінің режиссері:

-Желтоқсанның орта белінде бүкіл материалды түсіріп бітеміз деген ойдамыз. Алдын ала бәрін айта алмаймын. Өте күрделі жоба.  Халықтың алдында, елдің алдында масқара болмай, кәдімгі дұрыс деңгейде, ауыз толтырып айтатындай қып жасағымыз кеп отыр.

Киногерлердің сөзінен байқағанымыз, осы жобаға бөлінген 1 миллиард теңге жетпей жатқан секілді. Сондықтан төл тарихына бей-жай қарай алмайтын ел азаматтары бар ғой деп, арнайы қор құрыпты. Жетіспей жатқан тұстарын сол қордың көмегімен жеткізбек ниетте.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін