Ұлттық спортымызды көтеруге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұлттық спортымызды көтеруге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек

Ұлттық спортымызды көтеруге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек

Қазір шығыс жекпе-жек өнері туралы жұртшылық арасында әркім әртүрлі пікір айтып жүр.

  • 27 Маусым 2011
  • 768
Фото - Caravan.kz

Біреулер оны ұлттық спорт түрі ретінде дамытып жатса, екіншілері оның рухани-пәлсафалық рөлін жоғары қояды. Біз осыған орай таэквонда өнерінің хас шебері атанған марқұм Мұстафа Өзтүріктің жақын жолдастарының бірі болып, ізбасары атанған, қара белдіктің және 3-ші дан иегері ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халел Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Қабибек Мұхитовты әңгімеге тартқан едік.

— Әңгімемізді шығыс жекпе-жегi деген жалпы атаудан бастасақ. Спорттың бұл түрін неге шығыс жекпе-жеші деп атайды?

— Шығыс жекпе-жегі дегеніміз — бұл алдымен шығыс халықтарының ұлттық ойыны. Каратэ жапон халықтарының ұлттық ойыны болса, у-шу қытайдікі, ал таеквондо кәрістердікі дегендей. Бұл аталған халықтар өздерінің осы ұлттық ойындарын ғасырлар бойы үздіксіз жетілдіріп, дамытып келе жатыр. Өз елдерінде өтетін ұлттық мейрамдарында осы ойындардан түрлі көріністер қойып, ел тұрғындары мен қонақтарға оны тамашалатып жатады. Бір біріне сыртқы көріністері ұқсағанымен, олар бірінен бірі өзгеше. Әр халықтық өздерінің менталитетіне, тарихи дамуына, психологиясына байланысты олар ерекшеленіп тұрады. Мысалы, қытайлықтардың ұлттық ойыны — у-шу бірнеше түрден тұрады. Қазіргі тілмен айтқанда олар бір бірінен көп айырмашылықтары бар бірнеше стильдерден тұрады. Көп жылдар билік басында болған солтүстік Қытайда орналасқан Цин империясының стилі қатты қимылға толы болса, ал оңтүстік қытайлықтардың стилі созылмалы жәй қимылға ұқсаған қозғалыстардан тұрады. Сонымен қоса шығыс жекпе-жегі түрлі жан-жануарлардың қимылдарын салған әдістерді қолданады. Себебі, шығыс халықтары табиғатқа тереңірек мән береді, табиғатпен етене жақын.

Шығыс жекпе-жегі сонымен қатар әскери өнер ойыны болып табылады. Бұл халықтар көптеген жылдар бойы небір тарихи үрдістерді басынан кешті. Көп уақыт бойы басқа елдердің қол астында болды. Өздерінің азаттығы үшін жылдар бойы күресті. Сол себептен де жаудан қорғанып, басқыншыларға төтеп беру үшін қорғаныс өнері ретінде дамыды. Сондықтан шығыс жекпе-жегінің шеберлерін жаугершілік жағдайда әскер басы етіп тағайындап отырды.

— Шығыс жекпе-жектерін спорттың жаңа түрі немесе төбелестің өзгеше үлгісі деуге бола ма?

— Спорт түрлеріне келетін болсақ, көптеген уақыт бойы шығыс жекпе-жегінің құпия әдістері еш жерде жарияланбай, әкеден балаға ғана берілетін жасырын әдіс болып келді. Немесе тек қана сол халықтар ғана айналысатын өнер ғана болды. Кейін бұл өнерді сол елге барғандар үйрене бастады. Сөйтіп, біртіндеп өзге халықтарға да белгілі болды. Ал кейін жоғарыдағы халықтар өнерлерін әлемге таныту мақсатында түрлі халықаралық федерациялар құрылып жеке спорт түрі ретінде дамытыла бастады. Олардың бірқатары, мысалы дзюдо мен таэквондо олимпиядалық спорт түрлері болып табылады.

Енді төбелестің бір түрі деп қарайтын себебі — бұл өнерлерде адам денесінің арсеналдары кеңінен қолданылады. Сайыс кезінде дене мүшелері түгел қолданыста болғандықтан онда жеңіске жетудің мүмкіншілігі көп болады. Сол үшін де көпшілік жағдайда бұл әскери қолданбалы өнер ретінде дамытылып келеді. Көптеген мекемелер өздерінің мүшелерін арнайы мамандар жалдап үйрететіндері де сол себептен. Оған күзет мекемелерін немесе қорғаныс пен қауіпсіздік қызметтерін мысалға алуға болады. Корея, Қытай, Жапония сияқты шығыс елдерін айтпағанда, Еуропаның бірқатар мемлекеттері осы өнерді өзінің әскерлеріне үйрететін көрінеді. Марқұм Мұстафа Өзтүрікті де кезінде Алмания елі келісім-шартпен өз әскерлерін үйрету үшін қызметке алған болатын. Ресей Федерациясының әуе десант әскерлерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант Владимир Шаманов Ресей Таэквондо федерациясының президенті болып табылады.

— Шығыс жекпе-жектерінің философиялық мән-мағынасын біз қазір қаншалықты дұрыс түсініп жүрміз?

— Шығыс жекпе-жегінің философиясы терең өнер болып табылады. Себебі, бұл өнер тәрбиеге көп мән береді. Бұл өнерді үйрету адамға қару ұстатқанмен бірдей ғой. Ол адам қаруын алғаннан кейін оны қайда пайдаланады? Өне бойында елін қорғау сияқты қасиетті іс тұрса жақсы ғой. Ал бейбітшілік кезде ше? Адам өмірінде сынақтар көп кездеседі. Мұндай сәттің бәрінде шығыс жекпе-жегінің тәсілдерін қолдана берсе онда не болады? Сол себепті, адамгершілік пен байыптылықты үйрету шығыс жекпе-жегінің басты қағидасы болып табылады. Мысалы, ертеде Қытайдың бір деревниясында көпшілікке беймәлімдеу бір адам өмір сүріпті. Бұрын қайда тұрғанын ешкім білмейді екен. Бірде сол деревняға бір топ қарақшылар басып кіріп, бас көтергендерін қырып-жойып, тұрғындарынан қосымша алым-салық жинай бастайды. Олардың бұл істеріне наразы болған тұрғындар қарсылық көрсетпекші болып жинала бастайды. Ешкім әлгі адамды есепке де алмайды. Кейін қақтығыс басталған уақытта сол адам бүкіл қарақшыларды құрықтап, халықты аман алып қалады. Сөйтсе ол адам Шаолин монастырының бұрынғы монахы екен. Монастырды жауып, монахтарды қудалау кезінде ұстатпай қашып кеткен әйгілі 5 монахтың бірі болып шығыпты. Бұл жерде айтайын деп отырғаным, сол монахтың еш жерде өзі туралы сездірмей жәй қарапайым адам сияқты өмір сүргенінде. Егер сол жағдай болмағанда оны тіпті ешкім білмей де кетер еді ғой. Міне, шығыс жекпе-жегі өзінің әуестенушілеріне осындай талап қояды. Ол пәлсәпалық деңгейі терең өнер. Оны асықпай отырып талдау қажет. Кеңес одағында каратэ алғаш тіркелгенде философиялық қоғамда тіркелгенін еске алып кеткім келеді. Яғни, ол кезде осы өнерді үйренуді мақсат еткен алғашқы кеңес мамандары оның пәлсәпасына көп көңіл бөлсе керек. Ал қазір бізде шығыс жекпе-жегінің пәлсәпасына ешкім жеткілікті көңіл бөлмейтін сияқты.

— Осы арада мынадай сұрақ туындайды: біздің ұлттық спортымыз неге олардай қарқынды дамып кете алмай отыр?

— Біздің ұлттық спортымызды өз биігіне көтеру үшін алдымен оларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек. Мысалы, Кубада боксты мектеп бағдарламасына енгізіпті. Ол дене шынықтыру сабағының орнына жүреді екен. Әрине оларда оқушылардың боксты емес, дене шынықтыру сабағын таңдауына мүмкіндік бар. Бірақ боксты осындай дәрежеде қолпаштау оның мәртебесін артыратынына еш күмән жоқ. Ал Кореяның таэквондоны дәріптеуін естісеңіз онда мемлекеттік қолдау дегенді толық түсінеріңіз анық. Онда сонымен қоса бұқаралық ақпарат құралдары да үлкен рөл атқарады. Адамның санасының қалыптасуы осы БАҚ-тың қызметіне байланысты ғой. Міне, осы сияқты бірқатар шараларды жүзеге асырса бұл мәселе өз шешімін табатыны анық.

— Спорт идеология құралына айналып бара жатқан жоқ па?

— Спорттың идеология құралына айналатын себебі бар. Қай уақытта да спортты алдымен саясатшылар жанына жақын тартып отырған. Қанша дегенде де қарулы жастар тобы үлкен саяси күш қой. Ал мемлекет деңгейінде спорттың ұлттың салауаттылығына әсер өте көп. Мемлекетаралық іске келетін болсақ, бұл өз елінің мәдениетін басқа елге таратудың бір жолы болып табылады. Спорт арқылы өз елін таныстырады дегендей. Мысалы таэквондоның рәміздерінің ішінде оның байрағы бар. Сол байрақ Кореяның мемлекеттік байрағы. Біз еліміздегі әрбір жарысты өткізгенде өз еліміздің байрағы мен таеквондоның байрағын ілеміз. Сонда Қазақстанның байрағы мен Кореяның байрағы қатар тұрады деген сөз.

— Осы арада Шығыс жекпе-жегінің әйгілі шебері, марқұм Мұстафа Өзтүрікті біз өз деңгейінде ұлықтай алдық па деген сұрақ еріксіз тіл ұшына оралып отыр. Бұған не дер едіңіз?

— Мұстафа Өзтүрік әлемнің көптеген елінде болған еуропалық менталитеттегі және өзінің қазақи келбетін жоймаған адам болатын. Бірде-бір жерде қазақша сөйлеп отырып оған басқа тілдегі сөздерді араластырып айтқанын көрген емеспін. Қазір тілді шұбарлап сөйлеу сәнге айналды ғой. Көп тілді араластырсақ сонша халықтың тілін білетін сияқты болып көрінесің. Сондықтан Мұстафаның бергенінен беретіні көп еді. Қай салаға барса да көп пайда әкелетін. Бір өзі бірнеше тілді меңгерген, батыстық стандартқа сай жоғары білімді адам болды. Ал әңгімелескен адамдар білер, айтқан әңгімесі қандай десейші… Мұстафа бауырымыз өнегелі істері тәрбие ісінде үлгі тұтуға таптырмай жатқан басты образдың біріне айналдыруға мол мүмкіндік береді. Саясатқа барса да өзінің беделімен еліне көп пайда келтірері күмәнсіз еді ғой. Бірақ біз оны дұрыс пайдаланбаған сияқтымыз. Егер Мұстафа Өзтүрікті ұлықтауды қазір қолға алатын болсақ, талай жастарды теріс жолдан сақтап қалуға болады. Меніңше, біз оның бағасын әлі дұрыс бағалай алмай жүрміз.

— Ештен кеш жақсы демекші бұл істің де өз шешімін табар күні алыс емес шығар. Үмітіңіз ақталып, арманыңыз орындалуына тілектеспіз. Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар