Виктория Ганяны азаптап өлтірген азғын қалған өмірін абақтыда өткізеді - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Виктория Ганяны азаптап өлтірген азғын қалған өмірін абақтыда өткізеді

Виктория Ганяны азаптап өлтірген азғын қалған өмірін абақтыда өткізеді

Мектептен қайтіп келе жатқан қаршадай қызды аулаққа апарып айуандықпен зорлаған Денис Лесниковқа Қостанай соты бүгін осындай жаза кесті. Тергеу кезінде ол тек Ганяны ғана емес, тағы үш бірдей әйелді қорлап өлтіргенін мойындаған. Сот отырысында соңғы үкімді естіген қанішер еш өкінген жоқ. Керісінше, күшіне мініп, қайғы жұтқан жандардың өздерін балағаттады.

  • 7 Наурыз 2015
  • 379
Фото - Caravan.kz

Қайғы жұтқан ана сот отырысына бірінші боп келді. Бар ойы – қызын өлтірген қанішерді көзімен көріп, үкімін есту. Міне, Денис Лесниковтың өзі де кірді. Судья да көпке созған жоқ. Қаршадай қызды қорлап өлтірген қанішерді 6 бірдей бап бойынша айыпты деп танып, ең ауыр жаза кесті.

— Сот үкім шығарды. Лесников Денис Владимировичті айыпты деп тауып, оған өмір бойы түрмеде отыру жазасы кесілді.

Ал тергеу кезінде талай қылмысты мойындаған Лесников міз бақпады. Бетінен тіпті өкініштің ізі де білінген жоқ. Қайта залдағы қан жұтқан ата-ана мен судьяны, мемлекеттік айыптаушыны бас-көз демей балағаттай жөнелді.

Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан қаныпезерді қарауыл да сабасына түсіре алмай, ақыры қолын қайырған күйі залдан сүйреп әкетті. 31 жастағы Лесников енді атышулы Челахпен бірге қалған өмірін Арқалықтағы айрықша түрмеде өткізуі тиіс. Ал 7 жасар қызынан айырылған ананың жүрегінен ауыр жүк түскендей. Викториясын енді қайтара алмаса да, қанішердің сазайын тартқанына шүкіршілік етіп отыр.

Мария Остапенко, Виктория Ганяның анасы:

— Барлықтарыңызға рахмет. Қызым, әрине, енді қайтып келмейді. Ең бастысы қылмыскер жазасын алды. Үкімге ризамын.

Күллі елдің жағасын ұстатқан оқиға былтыр Рудныйда болған еді. Мектептен қайтқан қыз үйіне жетпей, әлдебіреудің арбауымен жетегінде кеткен. Оны полициямен бірге еріктілер де жабылып іздеді. Кейін өлі денесі бір айдан соң ғана ескі құрылыс нысанынан табылған болатын. Денис Лесников Ганяны зорлап өлтіргенін мойындады. Бірақ сот сараптамасы оның тек кішкентай қызды емес, тағы 16, 19-дағы екі бойжеткенді, сонымен қатар 45 жастағы әйелді де зорлап өлтіргенін әшкереледі. Екі баласы бар Лесников сотта ата-аналық құқығынан айырылып, әйелімен де ажырасып тынды