Зағипа Балиева сөзін бөлгені үшін мәжіліс залынан ашуланып шығып кетті - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зағипа Балиева сөзін бөлгені үшін мәжіліс залынан  ашуланып шығып кетті

Зағипа Балиева сөзін бөлгені үшін мәжіліс залынан ашуланып шығып кетті

Үкімет тағы қолда барды ұқсата алмай 378 миллиард теңгені игермеген! Бүгін Мәжіліске келген Есеп комитетінің осындай дерегі депутаттардың төбе шашын тік тұрғызды. Себебі қыруар қаржының тиянақты жоспарланбауынан ондаған мемлекеттік бағдарлама құрдымға кетіпті. Сондықтан ашуға мінген халық қалаулылары Үкімет мүшелеріне сұрақтарын жаудырды. Тіпті, жиын соңы үлкен дауға ұласып, депутат Балиева орынынан тұрып кетіп қалды.

  • 15 Мамыр 2015
  • 212
Фото - Caravan.kz

Бүгін Мәжілісте Есеп комитеті Үкіметтің тағы былығын ашты. Былтыр бюджеттен бөлінген 378 миллиард теңгені министрліктер игере алмай, қыруар қаржыны шоттарында бос ұстап отырған.

Жансейіт Сәрсенқұлов, Республикалық бюджетті бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі:

-Орталық мемлекеттік мекемелермен  14 миллиард теңге игерілген жоқ. Жергілікті атқару органдары  4 миллардқа жуық қаржыны игермеді.  Осындай жұмсалмай қалған қаржы негізінен ұлттық компанияларда. Олар 320 миллиард теңгеден астам қаржыны игермеген.

Соның кесірінен жүздеген инновациялық жоба мен ондаған мемлекеттік бағдарлама құрдымға кеткен. Бұдан бөлек, 14 нысан жартылай салынып, құрылысы аяқсыз қалыпты. Мәселен, Қостанай облысында 3 миллард теңгеге тұрғызылған құс фабрикасы кіріс әкелмей,тұралаған.

Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:

Бұл неге байланысты? Әлде бізде субсидиялау, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тиімсіз жүргізіліп жатыр ма? Әлде мына «Даму» деген қор бар. Сол қаржыны оңды солды шашып жатыр ма? Өйткені біз 300 миллиардтан астам қаржыны кәсіпкерлікті қолдауға жұмсаймыз.

Ал, Зағипа Балиева, игерілмей қалған миллиардттарға 400-ден астам балабақша салуға болар еді дейді. Сөйтіп, 100 мың бүлдіршінге орын тауып, балабақша жетіспеушілігін жоюға болады екен.


Зағипа Балиева, Мәжіліс депутаты:

-Ақталып отырғанымыз жоқ. Не істеуге болатынын айтып отырмыз ғой.  

-Шамалы қоя тұрыңызшы, басқа да адамдар бар ғой?

-Кешіріңіз біз бұл үшін жиналған жоқпыз. Қазір тұрам да кетіп қалам.

Сөзін бөлгені үшін кетемін деп ашуға мінген депутат айтқанында тұрды. Ойындағысын іркілмей айтып болған соң, ешкімге қарамай орынан тұрып кетіп қалды.

Осылай үнемі жылы жымиып жүретін Зағипа Балиева тосын мінез көрсетті. Бұл Мәжілісте көптен бері болып көрмеген жайт. Ал, іштен тынып қалған Балиеваның әріптестері бюджет ақшасын ұқсата алмағандарды жауапқа тартылуын талап етті. Енді қазына қаржысын жөнді игере алмаған министрлердің өзі жауапкершіліктен қашып құтылмасы  анық.