Төрт айдан бері Шу, Талас және Тұрар Рысқұлов ауданы жұртынан маза қашты. Темір жол станцияларында бензин мен дизель отыны тиелген 450-ге жуық цистерна тұр. Қырғыз еліне жеткізілуі тиіс мыңдаған тонна ресейлік мұнай өнімі құжаттан шикілік шығып, Жамбыл облысында қалып қойған.
Құдайберген Рысдәулет, Жамбыл облыстық Кедендік бақылау департаментінің бөлім басшысы:
-Декларация дұрыс толтырылмаған. Ол Ресейден Қырғыз республикасына асыратын тауар болса, транзиттік декларация толтыруы керек-тұғын. Бұлар транзиттік емес, жөнелтуші Ресей, жеткізілім орны Қазақстан деп көрсетілген.
Кеден Одағының өнімдері оған мүшелікке кірмеген мемлекетке арнайы құжатсыз шығарылмауы тиі. Ал тасымалдаушы 10 компания жанармайды Қазақстанға деп кіргізіп, артынан айырқалпақты ағайындарға өткізбек болған.
-Тұрар Рысқұов ауданының жұртына үлкен қауіп төніп тұр. Темекі тұқылының өзі орны толмас қайғы әкелуі мүмкін. Мына бір ғана цистернада орта есеппен 60 тонна жанармай бар. Ал, Луговой станциясында бензинге лық толған осындай 269 вагон қанша күннен бері қаңтарылып тұр.
Жуырда осы маңда жойқын апат бола жаздапты. Бір тұрғынның қорасынан өрт шығып жалын бензин құйылған цистернаға жетуге шақ қалған.
От қатты жанды ма?
— Әлбетте қатты жанды.
Жанған кезде жалын екі-үш метр болды ғой.
Тұрғындар енді жанармай толы цистерналардың көзін құртуды талап етуде. Ал жергілікті билік шойын жолдың төңірегіне тірі жан жуытпайтын арнайы күзет қойыпты. Алайда қырағы күзетпен шектелу қисынсыз. Өйткені аптап ыстықтың өзі жойқын жарылысқа себеп болуы мүмкін.
Жандар Сейтімбетов, Тұрар Рысқұлов аудандық ТЖБ басшысы:
-Ауа райының ыстығына байланысты қауіп төнуі мүмкін. Күннің ыстығынан вагондардың қысымы көтерілуі мүмкін.
Бензин толы алып бөшкелер жергілікті биліктің бас ауруына айналды. Бұл іспен қазір қаржы полициясы айналысуда. Тасымалмен айналысатын 10 компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу амалдары мен сот процесінің қай уақытта бітері де беймәлім. Әзірге жұртқа жанын шүберке түйіп отырудан басқа амал жоқ.