Жарияланды: 50

Жаркенттіктер: Зауыттың сасық иісінен ішкен асымызды қайта тастаймыз

Жаркенттіктер: Зауыттың сасық иісінен ішкен асымызды қайта тастаймыз Сурет - Newsroom.kz

Жаз шығысымен жағымсыз иіске тұншығатын Жаркент қаласының тұрғындары тағы да бас көтерді.

Күлімсі иістен құтылғанша, крахмал-сірне зауытының жұмысы уақытша тоқтатылсын деп талап етуде. Өйткені, таза ауамен тыныстау былай тұрсын, күн ыстықта есік-терезені ашудан қалдық, - деп отыр. Ал, елді сабырға шақырған жауаптылар болса, бұл мәселе жыл соңына қарай түбегейлі шешілетінін айтып сендіруге тырысты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Таза ауамен тыныстағымыз келеді, - деп, жанайқайын жеткізген халықтың жағымсыз иістен әбден мезі болғаны көрініп тұр. Крахмал-сірне зауытының маңында жиналып, өз наразылықтарын білдірді. 8 жыл бойы мәселені шешеміз деген жергілікті атқамінерлердің құрғақ уәдесіне әбден тойғандарын айтады.

 БАЛШЕКЕР ЖӘПІШОВА ЖАРКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Сасық Жаркент» деген атаққа ие болдық. Әкімдер келеді, шешеміз, - дейді. Кетеді. Білмей қаламыз. Екінші келеді, оған жүгіреді. Халық та уже шаршады".

ҒАЛЫМЖАН ӘЛІМЖАНОВ ЖАРКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Туалеттен де хуже сасық болып жатыр. Сол сен тамақ ішесің, ана иіс кегеннен кейін уже қайтарасың бәрін. Оны тек қана үлкен адам емес, кішкентай балалар да құсып жібереді ол".

Тұрғындардың айтуынша, карантин кезінде тағып жүрген бетперделердің өзі қолқаны қапқан сасық иістен еш көмектеспейді. Керісінше, аллергия, демікпе секілді түрлі ауруларды қоздыратын көрінеді.

 МАРИНА КУРДЫБАЕВА ЖАРКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Енді, онкология аурулары көбейіп бара жатыр. Оның себебі зауытта ма, біз оны әлі білмейміз. Мүмкін сол иіс те шығар. Балалар, көп ауру балалар туылып жатыр. Ашты иіс тамаққа келгенде адамға демалуға қиын болады бар ғой. БІз қалай олай өмір сүреміз? 24 сағат бойы біз осы иіспен демалып келеміз ғой".

Жиналған жұрттың жанайқайын тыңдаған аудан әкімі жағымсыз иісті жою үшін жан-жақты жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Елді мекеннен 10 шақырым қашықтықта аумағы 70 гектар болатын сүзілу алаңының құрылысы басталған екен. Қазірдің өзінде сарқынды су ағатын құбырларды төсеп жатыр. Оңан жергілікті қазынадан 800 млн теңге бөлінген.

 ТАЛҒАТ ӨМІРӘЛИЕВ ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: "Ол қайдан болады? Оның бәрін изучение жасадық. Сонан кейін қазір облыстың көмегімен бізге үлкен қаражат бөліп отыр. Мына очистной сооруженияларды ары қарай алып кетуіміз керек. 10 шақты километрге. Ол жұмыс басталды. Сол октябрь, ноябрьге осы жұмыстардың бәрін бітіру керек. Сонда келесі жылға иіс болмайды".
 

Жылына 120 мың тонна жүгері өңдейтін зауыттың сарқынды суы осы ашық алаңға келіп төгіледі. Жерге сіңіп үлгермейтіндіктен, күлімсі иіс шығады. Ал, қолқаны қабатын бұл иісті жою үшін қазір кәсіпорын аумағында да қалдықтарды сүзіп-тазалайтын құрылғының құрылысы жүріп жатыр. Ол бітісімен, түйіткілді мәселенің де түйіні тарқайды, - дейді, зауыт басшысы.

 ВИЛЛИАМ ХАЛИКОВ ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ: АУДАРМА "Біз қолдан келген барлық жұмысты жасадық. Бетоны құйылған. Енді қондырғылары орнатылмақ. Оны орнату үшін түркиялық мамандарды күтіп отырмыз. Әуе қатынасы ашылса, олар 20-шы маусымнан кейін келуі керек. Бірден жұмысқа кіріседі. Өздеріңіз білесіздер, нысан үлкен. Сондықтан, бәріне уақыт керек".

Жағымсыз иістен жақын арада құтылмасын сезген жұрт, аудан әкімінің уәдесіне сеніп, амалсыз тағы да шыдай тұруға келісті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін