Жарияланды: 40

Жарылыс қайталанған Қайнар ауылы тұрғындары өздерін басқа жаққа көшіруді талап етті

Жарылыс қайталанған Қайнар ауылы тұрғындары  өздерін басқа жаққа көшіруді талап етті Сурет - Azattyq Rýhy

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде жиі қайталанатын жарылыстан әбден мезі болған Қайнар ауылының тұрғындары басқа жерге көшіруді талап етуде.

Олар жексенбі күнгі жағдайдан қатты шошынып қалған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы  КТК-ға сілтеме жасап.

Билік өкілдері де бұл аумақта әлі де қауіп бар екенін мойындайды. Сондықтан әскерилер елді-мекендегі жұрттың бәрін шығарып залалсыздандыру жүргізіп жатыр. Жексенбі күні таңғы сағат жеті шамасында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде тағы да жойқын жарылыс болды. Гүрс еткен дауысты естіген тұрғындар ұйқыдан тұра сала жан-жаққа қаша жөнелген. Кейін бәрі басылған соң баспаналарына қайта оралды. Ал шұғыл жиналған әскерилер мен шенеуніктер жұртты сабырға шақырып әлекке түсті. Олардың сөзіне сенсек, бұрынғы өрттен зақымдалған оқ-дәрілер жарылыпты. Бұған дейін "қорқуға еш негіз жоқ деген" билік өкілдеріне тұрғындар "енді сенбейміз" дейді.

Жанар Сүйіндікова, Қайнар ауылының тұрғыны:

Енді тағы қайталанатын болса, бізді көшірсін басқа жаққа. Ақыры өздері сенімсіз. Көшірсін, бұл жерде тұрмаймыз. Қалатындар қала берсін, әркімнің өз еркі.

Ресми мәліметке сүйенсек, ешбір адам жарақат алмаған және ешқандай ғираматқа зақым келмеген. Бірақ тұрғындар кейбір үйдің терезелері сынғанын көрсетті. Жергілікті билік жұртқа қауіп бар екенін түсінген тәрізді. Өйткені Қайнар ауылынан тұрғындар түгел шығарылған. 37 адам туыстарын паналауға мәжбүр. Тіпті елдімекендегі қираған баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары да уақытша тоқтады.

Қайрат Исмайыл, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

Қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Жоспарлы жарылыстар болуы да мүмкін. Соған байланысты әзірге тұрғындарды ішке кіргізбейміз. Яғни бір мезетте үйінділерді жару бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Тау болып үйілген зақымдалған оқ-дәрілерді жойып жіберу көзделген. Алайда ол үшін құрылған арнайы комиссия шешім шығаруы тиіс. Тек содан кейін жұмыс жүзеге асырылады. Ал әзірге елдімекен тұрғындары жақындарының үйінде жүре береді. Қашан өз баспанасына оралатыны белгісіз. Әскери бөлімнің маңына қазір ешкімді жолатпай жатыр. Кешегі жарылыс шенеуніктерді де қатты қорқытып тастаған тәрізді. Сондықтан бүгіннен бастап қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қайнар ауылына кіре берісте болок-бекеттер қойылып, полицейлер ертелі кеш күзетіп тұр. Арғы бетке қарай ешкімді өткізбей жатыр.

26 тамызда Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам ажал құшқан. Оқыс жағдайдың себебі әлі анықталған жоқ. Сондай-ақ із-түзсіз кеткен әскери қызметкер де табылмай жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін