Жарияланды: 50

«ЖАСSTAR» фестивалінде Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиаттары жарияланды

«ЖАСSTAR» фестивалінде Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиаттары жарияланды

Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев Қоры студенттік шәкіртақылар республикалық байқауының 80 жеңімпазына құрмет көрсетілді. «ЖасSTAR» халықаралық шығармашылық жастар фестивалі аясында шәкіртақы сертификаты салтанатты түрде табысталды.

2022 жылдың 18 сәуірі мен 30 маусымы аралығында өткен биылғы байқауға 293 өтінім түсті. Атап айтқанда, «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша 25 оқу орнынан 112 өтінім, ал «Ғылым» бағыты бойынша 40 жоғары оқу орнынан 181 өтінім келіп түсті. Байқау бүкіл Қазақстанды қамтыды.

Байқау шартына сәйкес, 80 студент жеңімпаз деп танылды. Алматы қаласында өткен салтанатты рәсімде олардың есімдері жарияланды. Бір оқу жыл бойы ай сайын 40 мың теңге көлемінде стипендия алады.

- Әрқашан өмірде еңбектің еш кетпейтіне сенемін. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты болғаным да тегін емес. Бұл бар күш-жігерімді одан сайын ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарға жұмсауға шабыт берді. Сонымен қатар, Қордың мұндай көмегі ақылы бөлімде оқитын студенттерге аса маңызды, - дейді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жаңа стипендиаты Милина Наурызбекова.

Стипендиялық бағдарламаның мақсаты дарынды жастарды анықтау және студенттердің оқу, ғылыми, шығармашылық және қоғамдық-пайдалы қызметін көтермелеу болып табылады. 2010 жылдан бері 879 қазақстандық студент Қордың стипендиаты атанды.

- Жеңгенім туралы естіген кезде, телефонды қуаныштан екі рет құлатып алдым. Шәкіртақы жеңгім келді, бірақ көңілім түспес үшін көп үміттенбедім. Диплом үшін оқымайтын, көп уақытын оқуға арнайтын, сондықтан оқуды жұмыспен үйлестіре алмайтын және ата-анасынан алыс тұруға мәжбүр, баспана мен тамақтануға ақы төлейтін студент үшін бұл стипендия өте үлкен және құнды материалдық қолдау, - дейді Еуразиялық технологиялық университетінің студенті Лия Шова.

Айта кетейік, стипендияға тегін әрі ақылы негізде оқитын студенттер үміткер бола алады. Қордың стипендиясы дербес және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен төленеді, яғни конкурсант өзге де гранттық және стипендиялық бағдарламалардың иегері бола алады.

- Мен бұған жетістіктерімді ақшалай ынталандыру ретінде емес, шығармашылық қызметімді адал бағалау ретінде қараймын. Бұл қордың еліміздің талантты студенттерін шынымен бағалап, оларды әділ бағалайтынының көрсеткіші, - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты Арман Қайыржан.

Жеңімпаздар тізімімен қосымша файл арқылы танысуға болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін