Жарияланды: 470

Жазасын өтеуші әйел түрме басшылығына жала жапқан

Жазасын өтеуші әйел түрме басшылығына жалған жала жапқан. Павлодар облысындағы Шідерті қоныс колониясында отырған Сабина Махинина мекеме басшылығынан зәбір көрдім деп ғаламтор арқылы жұртқа жолдау жасаған еді. Тіпті, аштық та жариялады. Алайда тексеру жүргізген арнайы комиссия ешқандай заң бұзушылық таппаған. 

Борис Гаврилюк, Павлодар облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы:

- Оның мұндай әрекетке баруының себебі-Махининаны бұрын жазасын өтеген жабық режимдегі колонияға кері қайтармақ болғанбыз. Тәртіпке бағынбай кетті соңғы кезде. Түрме басшылығын осылайша сергелдеңге салып, өзінің ескертулерінің күшін жоймақ болған. 

Осыдан он күн бұрын ғаламторда жазасын өтеуші Сабина Махининаның АП 162/10 түзеу мекемесіндегі көрген азабын тізген бейнеролик пайда болған еді. Есірткі үшін сотталған 25 жастағы келіншек онда түрме бастығы мен орынбасары жабылып оны ұрып, зорламақ болғанын айтқан. Көрініс шынайы болуы үшін аштық та жариялады. Алайда Шідерті қоныс колониясында өткізілген тексеру кезінде оның сөзі дәлелденбеді. Мамандар ірі көлемде есірткі сатқаны үшін 6 жылға сотталған Сабинаның бұл қылығына таңданған да жоқ. Себебі ол Шымкенттегі әйелдер түрмесінен Шідертіге ауысқалы есірткі қолданғаны, ерлер жатақханасында жүргені үшін 4 рет жазаланыпты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін