Жазда аяқ-асты шабыты оянған депутаттар жарты ай артық жұмыс істемек - kaz.caravan.kz
  • $ 512.32
  • 582.92
+19 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жазда аяқ-асты шабыты оянған депутаттар жарты ай артық жұмыс істемек

Жазда аяқ-асты шабыты оянған депутаттар жарты ай артық жұмыс істемек

Парламентте соңғы қоңырау кеш соғылатын болды. Себебі жұмыс бастан асады деген депутаттар уақытылы демалысқа шығудан бас тартты. Жылда 1-ші шілдеден каникулға кететін халық қалаулылары биыл екі апта артық жұмыс істеуге бел буған. Аяқ асты белсенділік танытқан Сенат пен Мәжілістің біріккен отырысына бүгін министрлер кабинетін Кәрім Мәсімовтың өзі бастап келді. Ең даулы бюджет мәселесі көтеріліп 3 сағатқа созылған жиында мәжілісмендер Үкіметті аса көп мазалаған жоқ.

  • 18 Маусым 2015
  • 445
Фото - Caravan.kz

Мектеп оқушылары сынды депутаттар да жазды аңсап 1-ші шілдеден  каникулға кететін. Сөйтіп, шетелдерде санаторий жағалап, енді бірі ауыл-аймақта арқаны кеңге салып, 2 ай армансыз демалатын. Бірақ, биыл бұл дәстүр аяқ асты бұзылып, қос палата жұмыс уақытын 15 күнге созып отыр.

Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:

-Депутаттарды жақсы көргендеріңізге рахмет. 15 күн бізге керек, керек болған соң созып жатырмыз. Жолдама әлі алда. Осы жұмыстарды бітірген соң үзіліске шығамыз.

Алдан Смайылов, Мәжіліс депутаты:

-Заңдарға өзгеріс енгізуіміз керек,мүмкін жаңа заңдар қабылдауға тура келеді.Шаршамаймыз, шаршамаймыз.

Ал бүгін былтырғы бюджетті қорғауға көп көріне бермейтін премьердің өзі келіпті. Үкімет басшысының көңілін қалдырғысы келмеді ма, қос палата басты қаржылық құжатты ың-шыңсыз бірден бекітіп берді. Батылдық танытқан бірі былтыр игерілмей қалған 32 миллиард теңгені Кәрім Мәсімовтің беті басып еді, ол тосылған жоқ. Бар ақшаны ұқсата алмаған кінәлі шенеуніктерді шетінен жазаладым деген премьер, экономикаға төнген қауіп туралы да айтты.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

-3-5 жылда экспортқа шығаратын негізгі өнімдеріміз, яғни шикізаттың құны күрт түседі. Сондықтан алдағы 3 жылдық бюджетті де  төменгі бағаны ескере отырып жасаймыз. Әрине, ол кезде тағы да кейбір бағдарламалар мен бюджеттік шығындарды қайта қарауға мәжбүр боламыз.

Себебі Үкімет бюдетті қара алтыннан түскен табыспен жауып отырғаны белгілі. Оның үстіне әлемдік нарықта мұнай, газ, уранға деген бағаның құлдырауына байланысты отандық өнеркәсіпті, моноқалаларды дамытуға бөлінген ақша әжептәуір қысқармақ.

Сондай-ақ, Кәрім Мәсімовтің сүйінші хабары да бар екен. Премьердің айтуынша, көп күттірген  «Қашағаннан» келесі жылдың соңынан пайда көре бастаймыз. Мұнай өндіру басталмай жатып тесіліп қалған  құбыларды ауыстыруға мемлекеттің бір тиыны да кетпейді, шығынды шетелдік компаниялар өтемек. Ал әншейінде, министрлерге шүйлігетін  депутаттар Мәсімовке азуын батыра алған жоқ. Жазда демалыссыз жұмыс істейміз деп арқасынан қағып, шығарып салды.