Жарияланды: 1400

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіттің әріптесі бар шындықты жайып салды

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіттің әріптесі бар шындықты жайып салды

Али Демир көлікті төрт ай бұрын сатып алып, осы уақыт ішінде жол ережесін 6-7 рет өрескел бұзған

Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан Түркия азаматы туралы жаңа дерек шықты.

28 жастағы Али Демир көлікті 4 ай бұрын сатып алған. Осы уақыт ішінде бірнеше рет жол ережесін бұзып үлгеріпті. Ал бұл көлікті әріптесі Эркан Озкылычтан сатып алған. Сатқан отбасы көліктің ақшасын алғанымен, құжаттары жөнді жасалмағанын айтады, деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.

Озкылычтар отбасында кешегі жаға ұстатарлық оқиғадан кейін маза жоқ. Айтуларынша, әлеуметтік желіге әлдекімдер көліктің иесі туралы бар ақпаратты жүктеп жіберген. Онда Айгүл Озкылыч туралы бар мәлімет көрсетіліпті. Ал содан кейін отбасыға бірнеше адам хабарласып, сес көрсеткен көрінеді. Бұған шыдамаған олар бар шындықты жайып салды. Айтуларынша, Али Демир отағасының бизнестегі әріптесі екен. Қазақстан азаматтығы болмағандықтан көлікті 4 айдан бері рәсімдей алмай жүрген.

"Көлікті саттым. Толық ақшасын төледі. Тіркеуден шығармақшы болдық. Бірақ әйелінің атына тіркеймін деп жүргенде ол ауруханаға түсіп қалды. Әйелі босанғаннан кейін де көлікті тіркей алмадық. Жай ғана сенімхатпен, сақтандыру куәлігінде аты-жөнін жаздырып, көлікті бере салдық", – деді Эркан Озкылыч.

Үш баласы бар отбасы жеке деректі желіге таратқандарды жауапқа тартқызбақ. Тіпті, арыз да жазып қойған.

"Ол көлікті алғалы бері жол ережесін бұзғаны туралы 6-7 рет айыппұл түбіртегі келді. Демек, расымен де, жол ережесін бұзып жүрген болды ғой", – дейді Айгүл Озкылыч.

Еске сала кетейік, кеше дабыл белгісін қосып, науқас әкеле жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылған болатын. Жеңіл көлікті тізгіндеген жүргізуші жол бойы 2 рет жедел жәрдемнің алдын кес-кестеп, жол бермеген. Онысымен қоймай ашуға мініп, жедел жәрдемнің жүргізушісіне жұдырық ала жөнелген.



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін